Мол өнім таза тұқымнан түседі

852

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен өңірлік агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жол картасы жасалғаны белгілі. Әзірленген жол картасының негізгі бағыттарының бірі – егін шаруашылығындағы тұқым шаруашылығын дамыту. Осының бәрі аталған жол картасындағы маңызды индикатордың бірі. Өйткені, егіс алқаптарынан мол өнім алу ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасына байланысты. Жерге дән себуде сапасыз дақыл немесе тұқымның тиімсіз сорттары пайдаланылса, істің алға баспайтыны белгілі. Оны ғалымдар да растайды. Олар егістік жерлерге тұқымның 10 жылдан асқан сұрпын қолдану тиімсіз екенін айтуда. Ал, біздің облыста себіліп жүргеніне 10 жылдан асқан сұрыптардың егіс көлемі 50 пайыз бен 95 пайызды құрайды екен. Өңір басшысының басты мақсаты – егіншілікте он жылға дейінгі сорттарды қолдану аясын кеңейтіп, түсім қорын молайту.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Күлкеев мол өнім алу үшін тұқымның сапалы болу керектігін алға тартады.
– Тұқым шаруашылығы – маңызды сала. Сондықтан, өңір басшысының бастамасымен агроөнеркәсіпке қатысы бар егістік көлемін арттыру, тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы карта әзірленді. Нақты айтқанда, егіс көлеміне қарай, элиталық тұқым себу 7 пайыздан кем болмауы қажеттігі жөнінде арнайы индикатор бекітілді. Бұл элита мен 1-репродукциялы тұқымды қосқанда, 100 гектар күздік бидайдың 42 мың гектарына жоғары сұрыпты тұқым себілу керек деген сөз. Мәселен, әзірленген карта бойынша облыстағы арпа, бидай секілді 300 мың гектар масақты дақылдың 21 пайызына элиталық, 35 пайызына 1-репродукциялық тұқым себілуі керек. Биыл осы масақты дақыл алқабының 11,4 пайызына элиталық тұқым себілді. 1-репродукциялы тұқым себілген аумақ 24,5 пайызды құрады. Келер жылы масақты дақыл егілетін алқапқа элиталық тұқым себу көлемі 13 пайыздан кем болмайды. Өйткені, осы жылы сапасы жоғары тұқым себудің арқасында түсім көлемі ұлғайып, дақыл құнарлылығының артқаны байқалды. Жалпы, егіс алқаптарына жоғары сұрыпты дән себу үлесін ұлғайту жұмыстары алдағы уақытта жалғаса беретін болады. Осылайша, айналасы аз жылда жоғары сұрыпты тұқым пайдалану әлеуетіне қол жеткізбекшіміз.
Тағы бір айта кетер жайт, облыстағы 91 мың гектар майлы дақыл көрсеткіші ойдағыдан төмендеу болды. Алдағы уақытта облыста екі майлы дақыл өсіретін тұқым шаруашылығын ашуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі мақсары тұқым шаруашылығы болмақ. Бұдан бөлек, картоп тұқымын өсіретін бір шаруашылық ашу да қажет болып отыр. Жоғары сұрыпты тұқымдар өңірімізге Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарынан және Ресейден әкелінуде, – дейді Ерлан Елібайұлы.
Жалпы, өңірде элита тұқымынан
1, 2, 3, 4, 5-репродукциялы тұқым алынады екен. Нақты айтқанда, элитаны бір жылдан кейін орып алып, қайта ексе, ол бұл жолы 1-репродукциялы тұқым сортына жатады. Келер жылы 2- репродукция санатына түседі. Осылай жыл өткен сайын төмендей береді. Сондықтан, облыста тек жоғары сұрыпты тұқым егуге басымдық беріліп отыр екен.
Тұқым сапасын анықтайтын облыста екі мекеме бар болса, оның бірі – «Казагроэксперт». Бүгінде ол бәсекелестік ортаға берілу үстінде екен. Екіншісі – «AgroЭксперт» – AS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл серіктестік айналасы 3-4 жылдан бері кез келген өсімдік тұқымының сапасына зерттеу жүргізумен қатар, шетелге экспортталатын ұн, макарон өнімдеріне сертификат берумен де айналысып келеді. «AgroЭксперт» – AS» ЖШС-ның бас маманы Болат Дүйсембайтегі тұқым сапасының
3 сыныпқа бөлінетінін, әсіресе біріншісінің өнімділігі 95 пайызға, арамшөп тұқымынан және басқа да зиянкестер мен аурулардан тазалығы 99 пайыздан жоғары болуы қажеттігін айтады. Екінші сыныптың өнімділігі – 92, тазалығы – 98, үшіншісі 90 пайыз өнімділік пен 97 пайыз тазалыққа ие болуы шарт.
– Дақыл жиынтығының құрамында арамшөптердің ұрығы бар ма, жоқ па алдымен осы тексеріледі. Сол секілді зерттеу тұқымның топырақты зақымдайтын зиянкестер мен аурудан тазалығы, өнімділігі, салмағы, ылғалдылығы секілді бағыттар бойынша жүргізіледі. Облыс бойынша осындай 25 мың зерттеу бағыты бекітілген болса, соның ішінде жоғарыда аталған бағыттар мемлекет тарапынан қаржыландырылған. Тұқым сапасын зертханадан өткізу үшін бізге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тапсырыс береді. Біздің мекеменің әрбір ауданда өз зертханасы бар. Сол арқылы және Тараз қаласындағы зертханаға биыл келіп түскен барлығы 18180,1 тонна жаздық арпаның 16936,1 тоннасы тексеруден өтті. Соның ішінде бірінші сыныптысы 7628,1 болса, 7796-сы екінші сыныпты екені анықталды. Қалғаны үшінші сыныпты. Сол секілді жүгері, мақсары, қант қызылшасы секілді әртүрлі дақылдар тексеруден өтіп, тиісті нәтижесін алды. Тек күздік бидайды ғана тексеруден енді өткізгелі отырмыз.
Кез келген шаруашылық егін егерде тұқымды тексертіп алуға міндетті. Зертханалық қорытынды бойынша талапқа сай деп табылмаған дақылдарды иелері өз бетінше жерге себетін болса, оларға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы айыппұл салады. Себебі, бұл жерді тиімсіз пайдалану болып табылады, – дейді Болат Сақтағанұлы.
Облыста 11 тұқым шаруашылығы бар болса, оның үшеуі жеміс-жидек тұқымын өсірумен айналысса, қалғаны масақты дәнді дақыл тұқымын өсірумен айналысады. Осының ішінде Жамбыл ауданы, Тастөбе ауылында орналасқан «Қызылдихан қожалығы» өндірістік кооперативі де бар. Бұл шаруашылықтың жалпы егістік алқабы 2 мың 400 гектарды құраса, оның ішінде
1 мың 600 гектары – арпа-бидай.
– Биыл жаздық арпа мен бидайдың біздің облысқа бейімделген «Сымбат», «Бәйшешек», «Арна» атты жоғары сұрыпты тұқымын алып, 200 гектарға арпаның осы элита тұқымын егіп, айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Негізі, мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығына қолдау жоғары. Соның ішінде масақты, майлы, техникалық, мал азығы дақылдарын әрқайсысының өзіндік шекті мөлшеріне сай 10 пайыздан 70 пайызға дейін субсидия төленеді. Бүгінде 800 гектарға «Сымбат» күздік бидай сұрпын егуді көздеп отырмыз. Көктемде арпаның элиталық тұқымын сатып алуға жұмсалған қаражаттың тиісті мөлшерін мемлекет тарапынан берілген субсидия арқылы қайтарып алдық. Одан бөлек, дән себетін және тазалайтын техника сатып алғанбыз. Алдағы уақытта жұмсалған қаражаттың 50 пайызы субсидияланбақ.
Маңайдағы шаруалар бізден тұқым алуға ниеттеніп отыр. Десе де, біз бір жыл өнімді өсіріп, оларға тұқымды сатқанда элиталық сұрыптың сапасы жылда кезең-кезеңімен төмендей бастайды. Сондықтан, оларға түбі «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен шыққан элита сұрпын дайындап, сатуымыз үшін бізге супер элита тұқымы қажет. Ал, оған кез келген шаруашылықтың қолы жете бермейді. Сол себепті, мемлекет бізге бірден жаңа сұрыпты, яғни, супер элита тұқымын сатып алудың жолын жасап берсе дұрыс болар еді, – дейді аталған өндірістік кооперативтің басшысы Нуридин Бегманов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.