Мейрамбектің мектебі

33
Мейрамбектің есімін алғаш рет анаумынау емес, облыс әкімі болып тұрған кезінде Серік Үмбетовтің аузынан естідім. Бірде облыс орталығы – Тараз қаласынан шалғайда жатқан Сарысу ауданын аралаған сапарында Тоғызкент ауылындағы мектептің жағдайы қандай екенін білмекке журналистерді де ерте барды.

Сонда айналасында зыр жүгіріп жүрген жергілікті басшылардан «Мынау Мейрамбек оқыған мектеп пе? Анау Мейрамбек отырған парта ма?» деп, ерекше ықыласпен, сүйсіне сұрауы қатты таңғалдырған.

Таңғалдырғаны, «Бұл Сарысудың «мен мықтымын» деп жүрген таланттары жетерлік, ендеше қарапайым журналистің аты-жөнін неге ерекше еске алып, неге қайта-қайта айта береді?» деймін ғой өзіме-өзім. Облыс әкімін кейін түсіндім.

Мәселе – біліктілікте екен. Сарысудың Жайылмасына барғанда Асанәлі мен Амангелдіні сұраса, Тоғызкентті «түгендегенде» Секеңнің ойында Мейрамбек тұрыпты.

Бұл – Мейрамбектің өзі де, сөзі де толысып, облыстық «Жетісу» газетінен республикалық «Халық кеңесі», одан «Егемен Қазақстан» газеттерінде жауапты қызметтер атқарып ел мен ес, салт пен сана, ұлт пен ұрпақ, тарих пен таным тұрғысындағы публицистикаларымен танылған тұсы болатын. Сол Мекеңмен бір шаңырақ астында қызмет етуге тура келді.

Мен «Жас Алаштан». «Егемен Қазақстанға» ауысқанмын. Президенттің Жамбыл облысына жұмыс сапары жайлы Мәкең екеуміз жазатын болдық. Мекеңді журналист ретінде осы жолы жақыннан таныдым. Өзіне тиесілі тақырыпты «диктовать» етпекке әкімдіктің хатшы қыздарына жүгінсе, олар сақа журналистің жылдамдығына ілесе алмапты.

«Диктовка» жасаған қаламгерді көрмек тұрмақ, ондайдың да бар екенін естімеген кеңсе қызметкерлері ғой, қалай ілессін?! «Диктовать етіп көріңіз, мен-ақ терейін» дедім. Содан Мәкең оқып, мен компьютерге тарсылдатып теріп, мақаланы газетке уақтылы жіберіп үлгердік. Ол ертесіне көлдей болып жарияланды. Президентпен бірге облысқа сол кездегі Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед те келген. Мұхаң қашаннан журналист жанын түсіну, қаламгер қадірін білу жөнінен әріптестерінен анағұрлым озық адам ғой, Мәкеңе қарап «Мына мақалаң Президенттік сыйлыққа лайық екен» деген жадырай күліп.

Аузы дуалы азаматтың осы сөзі қолдау болды ма, әйтеуір, сол жылы жазда белгілі журналист, публицист Мейрамбек Төлепберген Баспасөз күні мерекесіне орай Президент грантына ие болды. Ойы да, сөзі де жүйрік журналист, публицист Мейрамбек Төлепберген өңірімізге қызмет бабымен келгенде бір қуанғанмын. Атақты ақын Олжас Сүлейменов «баяғыда әңгімелесу үшін қасқалар мен жайсаңдарды іздеп, сонау Мәскеуге самолетпен ұшып барып келеді екен» дегенді естігенде, «онысы несі, өзіміздің Алматының ақындары мен жазушылары, ғалымдары мен академиктері тақиясына тар келді ме екен» деуші едім, сөйтсем оным пендешілік екен.

«Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан ақын мұң шаққандай, биліктің кейбір төбешіктеріне шығып алып, сөз өнерінің қасиетін өздерінен жетік білетін, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар мінезді біренсаран таланттарды «түртпектеумен» ғана шұғылданатындардың арамза әрекеттерінен түңілген кезде Таразыңыздан тапа-тал түсте безіп кетіп, иманы биік интеллектермен шер тарқатқың-ақ келеді. Міне, сондайда жаныңды түсінетін жанға қайырыласың. Мәкең «третейский сот» сияқты, бәрін жіктеп, жіліктеп, орын-орнына қойып береді. Сол кезде қамкөңіл қаламгерлердің қасына Мейрамбек Төлепбергенді «айдап келген» Құдайға шүкір дейтінмін. Мәкең телеарнаның да «тілін» тапты.

Бағдарламалар жаңарды, тележурналистер ізденісі артты. Үлгі, әрине, басшының өзі. Жамбыл өңіріне ат шалдырған атақты адамдардың бәрі алдымен «ҚазақстанТараз» телеарнасына бұрылатын болды. Мейрамбек қызметтің қиын да қызықты жұмысының отымен кіріп, күлімен шығып жүріп «Сағасында Таластың бір ауыл бар» , «Қаһарман Бақтыораз», «Ақиқат алдында», «Ұлбике», «Шоқыр» деген кітаптардың авторы атанды. Бір емес, сегіз жинаққа таңдаулы очерктері енді.

Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Президенттік гранттың, Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» жалпыұлттық жүлдесінің лауреаты болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын да алды.

Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісін де өңіріне таққандардың бірі. Алматы облысындағы Балқаш ауданының Құрметті азаматы атанды. Мұның бәрі, әрине, жайдан-жай берілмейді. Еңбекке беріледі. Ал Мәкеңнің шығармашылық жолында «біздерде мынандай бар, мынандай бар» деп мақтанышпен айтатын бедерлі іздер өте көп. Солардың бірі – Бақтыораз Бейсекбаев туралы журналистік ізденістен туған сериялы мақалалары. Облысқа Қанат Бозымбаев әкім болып тағайындалған тұста «оның идеология жөніндегі орынбасары болып журналист Мейрамбек Төлепберген келейін деп жатыр» деген әңгіме гулеп кетті.

Бұл гу-гуге бір жағынан қуансам, бір жағынан қобалжыдым. Қуанғаным белгілі, ал қобалжығаным – кешегі ақ көңіл, кешегі әңгімешіл, кешегі кішіпейіл журналист Мейрамбектің орнында менменсіген шенеунік Мейрамбек отырса қайтем деген қорқыныш та баяғы. Кабинетіне барып, құттықтап шығу үшін қорқасоқтап келе жатқам ғой залда, қарсы алдымнан өзі шыға келді. Құшақтасып амандастық. Күліп тұрып хал-жағдай сұрастық. Байқаймын, бекер қобалжыған сияқтымын.

Әкімдіктің ғимаратында емес, баяғы редакциямыздың шаңырағында тұрғандай арқа-жарқа Мейрамбекті көріп, көңілім орнына түсті. Әкім болам деп адамдығын жоғалтып алатындарды да кездестірдік қой. Ал Мәкең өз мінезін жасандылықтан сақтап қалыпты. Тәубе дедім. Сол қуаныш Мәкең дүниеден өткенде ғана мұңға алмасты. Өйткені оның қанымен біткен журналистік ғажап болмысын ешкім, ешқандай лауазым өзгерте алмайтынына көзім анық жеткен еді. Енді ондай елгезек жанның алыста жүрсе де телефонмен хабарласып, етектегі елдің амандық-саулығын сұрап тұрамайтынын сезгем. Сезгем де, өкінгем. Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, Мәке! Жылдық асыңа жиналғандардың Құран-Кәрімге қол жайып отырып жасаған дұға-тілектерін Алла-тағаламыз қабыл етсін!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, жазушы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.