Менің Туым – менің  мақтанышым!

56

Көк туым желбіреген сәтте өз бойымды мақтаныш кернейді. Ұшқыр ой, биік талғампаздықпен салынған көк туым әлемнің барлық бұрышында желбіреп жүргенін көргенде іштей қатты қуанамын. Елімнің егемендігін айқындайтын қазақ туының түсі  мен дизайны басқа елдерден ерекшеленіп тұрады. Осындай керемет туынды белгілі суретші Шәкен Ниязбековтің қыл қаламынан туғанын білмейтін жан жоқ шығар, сірә!  Марқайып мақтана көтеретін көк тудың әр  элементіне автор бейжай қарамай, аса зор талғаммен ойластырып жасаған. Ендеше, оның мағынасына кеңінен тоқталайын.

Біріншеден, қаламгер ашық көк түс  арқылы  қазақхалқының бейбітшілік  пен тұрақтылығын  шебер  суреттеген деп ойлаймын. Неге десеңіз қазіргі таңда еліміздегі 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті  тыныштықта өмір сүріп жатқаны  осының дәлелі емес пе?!  Көк аспан астындағы әрбір қазақстандық осы Тудың аясында бірігіп, біздің ортақ құндылық-тарымызды  қастерлейді. Демек, бейбіт елде тұрып, терең білім алып жатқанымыз да елдігіміздің белгісі деп білемін.

Екіншіден, айналасына шапағын төккен  күн байлық пен молшылық белгісі деп түсінемін. Меніңше, автор елімнің мол қазынасын осы күн арқылы жеткізгісі келген сияқты. Себебі  Қазақстан  картасында  Менделеев кестесіндегі барлық дерлік элемент кездеседі. Turaninform  ақпараттық, сараптамалық порталының статистикалық мәліметіне сүйенсек, Қазақстан көмір кені бойынша ТОП-10 елдің қатарына енеді. Яғни, туымыздағы күн бейнесі  еліміздің аса мол қазынасынан сыр шертеді.

Үшіншіден, күн  астындағы қалықтаған қыран – еркіндіктің белгісі. Менің ойымша, осы арқылы  Шәкен атамыз Қазақстанның жарқын болашаққа деген ұмтылысын нақ бейнелеген. Өйткені алтын бүркіт кескіні арқылы  егемен елімнің әлемдік өркениет биігіне шыққанын қалағанын аңғардым деуге болады. Шәкен Ниязбековтің  туды бейнелеудегі шеберлігін зерттей жүре, міне Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасымен ұйымдастырылған байқауға  үлкен дайындықпен қатыстым.Осындай азат елде өмір сүріп, байқауларда өз қабілетімді көрсетіп, эссе жазғанымды мақтан тұтамын. Сондықтан ерікті заманда еркін ойыңды ашып жазуды  жөн санадым.

Сөзімнің қорытындысында, Мемлекеттік ту –Отанға деген махаббаттың, халқымыздың ұлылығын, болашаққа деген сенімді бейнелейтін ең қымбат символ екенін айтқым келеді. Біз әрқайсымыз туға деген құрметіміз арқылы еліміздің тәуелсіздігі мен жетістіктерін қорғап, бағалай білуіміз керек. Ендеше, туымызды биік ұстап, елімізді мақтан ете білейік!

Оспанғали Анеля,

Мойынқұм ауданы, Мыңарал орта мектебінің 10 сынып оқушысы

                                                                                     

Leave A Reply

Your email address will not be published.