МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРІЛДІ

64
Бүгін ұлттық мереке — Республика күні көк Туды желбірете көтерген шабандоздардың «Атты шеруімен» басталды. Таңнан Жаңатас қаласының көшелерін аралап, тұрғындарға патриоттық сезім сыйлады.
Сонымен бірге, орталық алаңда Мемлекеттік Ту салтанатты жағдайда көтерілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, сөз сөйледі.
—Бүгін біз Республика күні мерекесінің құрметіне салтанатты жағдайда Мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне жиналып тұрмыз. Бұл рәсімнің біз үшін маңызы айрықша. Көк Туымыз – еліміздің ең басты рәмізі. Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ. Қазақта «Туың жығылмасын!» деген жақсы тілек бар. Бабаларымыз қашанда туын биік ұстаған. Ел басына күн туған шақта бір тудың астына бірігіп, тұтастығын танытқан.
Біз егемендік алған жылдардан бері бір тудың асына біріккен біртұтас ұлт ретінде қалыптастық. Сондықтан көк Туымыз – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі,—деген аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы орталық алаңға жиналған аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің маңыздылығына тоқталып, егемен еліміздің Туының биік болуына тілектестігін білдірді.
Бұдан кейін Мемлекеттік Әнұран шырқалып, орталық алаңдағы Мемлекеттік Ту салтанатты жағдайда көтерілді.
Салтанатты шара барысында аудан жастары «Мен қазақпын» атты патриоттық композиция көрсетті.
Мерекеге арналған шара орталық алаңда концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Сарысу ауданы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.