Мемлекеттік кірістер комитеті алаяқтардың жалған хабарламаларына байланысты қазақстандық салық төлеушілерге ескерту жариялады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Комитет ақпаратынша, бүгінде салық төлеушілердің электрондық мекен-жайларына жіберілетін «банк шоттарындағы ақша есебінен бюджетке берешекті өндіріп алуды бұзушылықтарды жою туралы ескерту» деген тақырыппен жалған хабарламалар/хабардар жағдайлары жиілеп кетті.
«Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік кірістер органдары қалыптастыратын барлық хабарламалар нормативтік-құқықтық актілермен бекітілгенін хабарлайды. ҚМ МКК ақпараттық жүйелерінде хабарламаларды қалыптастыру кезінде хабарлама нөмірлері оларға енгізілген алгоритм бойынша автоматты түрде жасалады», — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Мемлекеттік кірістер комитеті ақпараттық жүйелері хабарламаларды тек «салық төлеушінің кабинетіне», «электрондық үкімет» порталының жеке кабинетіне және E-salyq мобильді қосымшаларына жібереді.
«Салық төлеуші хабарламалардың бір бөлігін бірден өзінің жеке кабинетінде КТС, ЭҮП немесе ESA, ESO-да көре алады. Бұл ретте камералдық бақылау нәтижелері бойынша қалыптастырылған хабарламалар салық төлеуші қол қойылған PDF нысанын өзінің электрондық поштасына КТС немесе ЭҮП арқылы дербес сұратады», — деп атап өтті комитет өкілдері.
Осыған байланысты, мемлекеттік кірістер комитеті қырағылық танытуға және жалған хабарламаларға сенбеуге, қолма-қол ақша аудармауға, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеуге, алынған хабарламалардың дұрыстығын тексеруге кеңес береді.
https://turkystan.kz/article/246246-memlekettik-kirister-komiteti-manyzdy-m-limdeme-zhasady