Апат бүгін таңертең Түркістан облысы Сайрам ауданы Ошақты ауылында болды. Бұл туралы аудандық әкімдік хабарлады.
Құрманғазы атындағы шағын жинақты орта мектебінде көмірмен жылытылатын жылу қазандығы жарылып, апат салдарынан от жағатын ер адам қаза тапты.
Оқиға орнында қаза тапқан 59 жастағы Мұратбек Құлыншақов – Ошақты ауылының тұрғыны.
Полицейлер мен төтенше жағдайлар басқармасының мамандары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
«Апаттан оқушылар мен мұғалімдері зардап шеккен жоқ. 150 балаға арналған мектеп 2014 жылы қаңтар айында пайдалануға берілген. Жылыту қазандығы көмірмен жылытылады. Мектепте 156 оқушы оқиды» делінген ресми хабарламада.
Жылу қазандығын қалпына келтіргенше оқушылар қашықтан оқитын болды.