Аудан әкімі Ж.Ә.Айтақовтың жыл бойы атқарған жұмысы туралы есептік кездесуі үстіміздегі аптаның дүйсенбі және сейсенбі күндері аралығында Қонаев, Бірлік, Жаңақоғам, Ақтөбе, Қорағаты, Өндіріс ауылдық округтерінің тұрғындарымен өтті.
Алдымен Қонаев ауылының тұрғындарымен өткен кездесуде халық шешімімен бірден аудан әкімі Ж.Айтақовтың және аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиевтің жыл қорытындысы бойынша есептік баяндамалары тыңдалды.
Баяндамалар аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындарының сұрағына кезек берілді. Тұрғындар атынан сөйлеген ақсақалдар ауылдағы маңызды деген мәселелерді көтерді.
Мәселен, ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Досымбеков ауылда көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатындығын атап өтті. Бірақ, мал жаюға арналған жер тапшы дейді. Бұл сұраққа аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Д.Утепов ауылға қосымша жайылым жер қосу жұмысы жүргізіліп жатыр деген жауап қайырды. Сондай-ақ, ақсақалдың айтуынша бағаналар ескіріп, сәл жел тұрса жарық сөніп қалатын көрінеді. Тіпті, осының салдарынан тұрмыстық техникалар күйіп кетіп іске жарамай қалуда. Аудан әкімі жарыққа қатысты жұмыстар жергілікті билік құзырында еместігін жеткізді. Сондықтан бұл мәселе облысқа жолданғаннан кейін шешімін таппақшы. Үшінші мәселені көтерген Байкен ақсақал мектеп ғимараты сонау сексенінші жылдары салынып, бұл күндері тозығы жеткендігін айтады. Аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы А.Бименбетовтың айтуынша, Төле би атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Одан бөлек аталмыш мектеп пен ауылдағы балабақша көгілдір отынмен қамтылмақшы. Ауылдың тағы бір жанашыр ақсақалы О.Құндызбекұлы тұрғындардың көпшілігі мүйізді ірі қара мал ұстайтындықтан сүт мол алынады дейді. Сондықтан ауылда сүт өндіруге мүмкіндік мол. Осыған байланысты Оңгелді ақсақал ауылда сүт жинайтын танкер болса деген ұсыныс білдірді. Жарылқасын Айтақов бұл ұсынысты қолдап, жалпы ауданда сүт өндіретін комбинат болу қажеттігін алға тартты. Ал Қ.Оңласынов қария ауылда мал ауруы жиі пайда болатындығын айтып, аурудың алдын алатын прафилактикалық шаралар уақытымен орындалып отыру керектігін тілге тиек етті.
Осыдан кейінгі есепті кездесу Бірлік ауылдық округінің тұрғындаремн өтті. Мұнда да бірден ауданда жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы қорытынды есеп пен аудандық мәслихатта атқарылған жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалды.
Есептік баяндама аяқталғаннан кейін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Шынболатов көпшіліктің атынан ауылда жұмыс жүйелі жүріп жатқандығын айтып, мәселе жоқтығына сендірді. Десе де, өзін Абай көшесінің тұрғынымын деп таныстырған Т.Грибенюк аталған көшеге газ құбырын тарту әуел баста жоспарға кірмей қалғандығын айтып наразылық білдірді. Аудан әкімі аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Есеевке мәселені тез арада шешуді тапсырды. Осы бір ғана сұрақтан кейін бірлік ауылындағы есепті кездесу аяқталды.
Түскен кейін жыл қорытындысына арналған жиын Жаңақоғам ауылдық округінде жалғасын тапты. Мұнда тұрғындар ұсынысы бойынша алдымен округ әкімі Н.Қондыбаеваның есебі тыңдалды. Осыдан кейін күн тәіртібіндегі келесі мәселелер орта салынды.
Есепті баяндамалардан кейін аудан әкімі «Қарапайы заттар экономикасы» жобасы туралы сұрау салды. Жалпы залға жиналғандар тарапынан пилоттық жобаға қатысты құжаттар рәсімдеу барысында туындап жатқан қиындықтар, несие алуға қойылатын талаптар сынды түрлі сұрақтар көтеріліп, жауаптар қайырылды.
* * *
Аудан әкімінің апта басындағы есепті кездесуі Ақтөбе ауылдық округінде жалғасын тапты. Аймақта атқарылған ауқымды істерден бөлек, алдағы уақыттың еншісіндегі істерді де жіпке тізгендей баяндап берген Ж.Әбдіғапарұлы ауылдықтардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Расын айту керек, былтырғы жылы аудан көлемінде жүзеге асқан жобалар мен іргелі істердің ауқымы кең болды. Дейтұрғанмен бұқараның базынасы мен елді мекендердегі шешімін күткен мәселелерді бар-жоғы бір жылдың төңірегінде түпкілікті түрде шешу мүмкін емес.
Дәл осындай түйткілдердің бірін ауыл тұрғыны Мырзахан Сегізбаев көтерді. Оның айтуынша, ауылдықтардың мәдениет үйі де, рухани ордасы да округ орталығындағы мектептің мәжіліс залы екен. Алайда, білім ошағының мәжіліс залы жылымайтын көрінеді. Сондықтан бұл мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Ауыл тұрғыны көтерген мәселеге жауап берген аудан басшысы мектепті күрделі жөндеуден өткізу кезең-кезеңмен жүргізілетіндігін жеткізді. Бұдан бөлек, бұл ауыл көбіне-көп құмды аймақта орналасқандықтан және ауыл маңындағы жерлердің басым бөлігі жекеменшікке өтіп кеткендіктен жайылымдық жер жетіспейтін көрінеді. Аталған мәселеге қатысты аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Утепов ауылдық округтің әкімі өтініш беретін болса, жайылымдық жердің көлемін ұлғайтуға болатынын айтты. Тұрғындармен кездесу барысында ақтөбелік Әміре Қыпшақбаев ағын су мен ауыз су мәселесін тілге тиек етті. Оған қоса, ауылдағы төрт түліктің жүн-терісін де кәдеге жарата алмай отырған көрінеді. Ал Қосымбай Каримов есімді ауыл тұрғыны жергілікті жерде ит-құстың көбейіп кеткендігін айтып, осы мәселеге қатысты тиісті шара қолдануын сұрады.
Қорағаты ауылдық округінде өткен есепті кездесуде де бірқатар мәселелер көтеріліп, аудан әкімінің назарына ұсынылды. Дәлірек айтсақ, ауыл ақсақалы Тәңірберген Жексенбиев жол мен жарыққа қатысты түйткілді айтып, аудан әкіміне тұтас ауылдың тілегін жеткізді. Ақсақал ауыл ішіндегі көшелердің сапасы сын көтермейтінін, соның салдарынан ауыл ішін лай-батпақ басқанын ашына жеткізді. Сонымен бірге электр желісі тартылған бағаналардың жаңартылмағанына жарты ғасыр уақыт болғанын тілге тиек еткен Т.Жексенбиев аудан әкімінен осы мәселені назарға алып, оң шешімін табуына атсалысуын сұрады. Бұдан кейін ауыл тұрғыны Асылхан Нарбаев кейінгі кезде ауыл маңында түз тағысының саны күрт көбейіп, қора-жайды торуылдап жүргенін, тіпті 40-қа жуық ірі қараға ауыз салғанын айтып, көмек сұрады. Бұндай мәселе бір емес, бірнеше ауылда орын алғанын атап өткен аудан әкімі жуық арада шара қолданатынын айтты. Жиын барысында жайылымдық жердегі зиянкестер мен оқушы тасымалына қатысты қалыптасқан мәселелер, сондай-ақ Жиенбет ауылындағы байланыс мәселесі де сөз болды.
Түстен кейін аудан іргесіндегі Өндіріс ауылдық округіне атбасын бұрған аудан әкімі Ж.Айтақов ондағы тұрғындардың тілегіне құлақ түрді. Ауыл әкімі мен аудан әкімінің баяндамасынан кейін ауыл тұрғыны Тобахан Кәдірханұлы сөз сөйледі. Тұтас ауданда атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар үшін аудан әкіміне алғысын айтқан ауыл азаматы жуырда ғана тұрғын үйі отқа оранған отбасыға демеушілер тарапынан қолдау көрсетуді ұсынды. Өз кезегінде аудан басшысы бұл жағдайды жеке назарына алатындығын айтты. Ал Мұрат Дәуталиев есімді тұрғын ауылдағы жасөспірімдер тәрбиесіне баса мән беру керектігін жеткізді. Сонымен қатар, өткен жылы ғана пайдалануға берілген ауыз су құбырына кейбір тұрғындар қосыла алмай отырған көрінеді. Оның үстіне, бұрнағы жылдары ауыз су 200 метрден аса тереңдіктен алынған болса, бүгінде оның тереңдігі 100 метрге де жетпейтін көрінеді. Аудан әкімі аталған мәселені аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Есеевке тапсырып, тез арада тексеріс жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Жалпы, ауылдық округтерде өткен есепті кездесулерде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына тұшымды жауап берілді. Тіпті, сол сәтте-ақ шешімін тапқан мәселелер де болды. Бірқатар түйткілдер рет-ретімен шешілетіндігі де тұрғындарға нақты түсіндірілді.
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ,
Ерғали АСХАТҰЛЫ