Мәжілісмен кооператив жұмысымен танысты

121
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Республика партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Тастөбе ауылындағы «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің қызылша, пияз алқаптарымен танысты.
Нуритдин Бегманов басшылық ететін кооператив 1998 жылы құрылған. Ұжымда ауыл шаруашылығына қажетті техникалар жеткілікті. Сондай-ақ басшылық қызметкерлердің жағдайын жақсартуға да басымдық беріп отыр.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, кооперативтің еншісінде жалпы көлемі 1875 гектар жер бар. Ұжым басшылары 1745 гектар алқапты ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланады. Нақтырақ айтар болсақ, егістіктің суармалы жер 1014 гектарды құрайды. Ал шабындық жердің үлесі 139 гектар.
Кооператив басшысының айтуынша, егіс алқабына қажетті 8 дана трактор, 9 доңғалақты К-700, МТЗ, 2 жүк тасымалдау көлігі, 2 жанармай тасымалдайтын, 1 автокран, 7 дәнсепкіш және 52 ауылшаруашылық тіркеме техникалары қолданыста. Сонымен қатар астық оратын комбайн, 2 қызылша комбайны, 2 жемшөп комбайны, 2 дана шөп тайлағыш, 3 бүріккіш науқан кезінде пайдаланылады.
«Науқандық жұмысқа ауылдың елу тұрғыны еңбек етіп жүр. Олар атқарған жұмыстарына сәйкес 130-150 мың теңге көлемінде жалақы алады. Әрине, еңбеккерлердің жақсы айлық алып, көтеріңкі көңіл күймен жұмыс істеуіне қолдан келгенше тырысып жүрміз. Соңғы бірнеше жылдың бедерінде қант қызылшасын егуді қолға алған жайымыз бар. Нәтижесі жаман емес. Соңғы науқан кезінде гектарынан 810 центнерден өнім алған. Бұған тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісі септігін тигізуде. Биылдыққа 200 гектарға күздік бидай ектік. Сонымен қатар 300 гектар алқапқа жаздық арпа, 50 гектар жерге дәндік жүгері отырғызылды. Биыл 160 гектар балтамырдан мол өнім аламыз, — дейді кооперативтің жауапты маманы.
Агроқұрылым су үнемдеу технологияларын да тиімді пайдаланып, ұңғыма қаздыру ісін де қолға алған.
Сонымен қатар, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нен жаздық арпаның элита тұқымын алған кооператив алдағы уақытта оны жергілікті шаруаларға таратуды жоспарлауда.
Айдарбек Асанұлы қазіргі таңда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетілетін қолдаудың ауқымды екенін атап өтіп, аянбай еңбек еткен шаруалардың мол өнімге кеңелу мүмкіндігінің жоғары екендігін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.