Марқұм, әнші Ержан Серікбаевтың ұлы Бейбарыс Серікбаев асылып қалған қызды өлімнен құтқарып қалды. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметкері Ботагөз Уәлиханқызы Facebook желісінде жазды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Бейбарыс Серікбаев өзінің қызметтегі серігімен жас қыздың өмірін аман алып қалды. Марқұм, әнші Ержан Серікбаевтың ұлы Төлеби аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарады. Хабарлама бойынша, Ақмаржан көшесінде орналасқан үйге кіріп, асылып қалған қызды өлім аузынан құтқарып қалған. Мойнынан арқанды шешіп, медициналық алғашқы көмек көрсетіп, адам өмірін аман алып қалған» деп жазды ол.
Айта кетейік, Ержан Серікбаев – Қазақстанға белгілі сазгер әрі әнші. 70-тен аса ән жазған. Оның «Шымкенттің салқын сырасы» қалжың әні халық арасында кеңінен таралды. «Қала», «Көтерейік, қане, достар», «Інжу-маржан», «Алматы таңы», «Қазақ жігіттері» секілді шығармалары ел сүйіп тыңдайтын әнге айналды.