Мәңгілік жүректесіз, мейірман әже!

117

Әзиза әжеміз 1938 жылдың 20 шілдесінде Ташкент қаласында дүние есігін ашқан. 10-сыныпты бітірген соң, медучилищеге оқуға түседі. Оны абыроймен тәмамдап, зейнет жасына дейін медицина саласында қалтқысыз қызмет істеді.

Әзиза әжемнің Құдай қосқан қосағы Шәкең ақсақал Тау-кен құтқарушылар бөлімінде командир болып жұмыс істеген. «Адам жанына араша болсақ» деп бір арманның тұлпарын мінген екі жас білім қуып жүріп, бірін-бірі тапқан. Ойлары жарасып, соның нәтижесінде асыл мұраттарына жеткен. Еңбекте еленіп, өз ортасында «хансың» деп, «ханға лайық жансың» деп бағаланған. Алты бала өсіріп, оларға ұлағатты тәлім-тәрбие беріп, қатарынан қалдырмай оқытып, тоқытқан. Бүгінде сол алты ұл-қыздан 20 немере, 38 шөбере бар.

Мәңгілік жүректесіз, мейірман әже!

Әзиза әжем – отбасында да, жұмыста да адалынан тер төгіп, айналасындағыларға нағыз үлгі бола білген жан. «Мен таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін ғана жұмыс істеймін. Қалған уақытта бала-шағамның ортасында болуым керек» деп, қызметте жүргенінде ешбір жанға тіл қатпапты. Оқыс жағдай бола қалса, күн-түн демей, құрал-жабдықтарын асынып, аттанып кете барған. Бұл – ата-анадан сіңген асыл қасиет.

Мәңгілік жүректесіз, мейірман әже!

Әзиза әжемнің «Әзентай» деп еркелетіп өткен ата-енесінен алған тәрбиесі көп. Ол жайында өз естелігінде: «Өтірік айтпауға, әр кезде сөзді тыңдауға, үлкендерге құрметпен, кішілерге ізетпен қарауға, үйге қонақ келсе, «нан қойсаң да, күліп бер» деп үйретті. «Менің көзім тірісінде үйреніп ал, мен дүниеден өткенде ағайынға басшылық етесің» деп айтатын. Ол кісі дүниеден өткенде төрт қайным да бойдақ еді. Сол төрт баланы жолдасым екеуміз алып шықтық. Оқыттық, әскерге жібердік, үйлендірдік».

Мәңгілік жүректесіз, мейірман әже!

Шәкең ақсақал мен Әзиза әжемнің ағайын арасында беделі биік еді. Қай туысқан болсын, қайбір істе де осы кісілермен кеңесетін, ақыл сұрайтын. Бұл – адал еңбекпен өрілген өмірдің тартуы шығар.

Әзиза әжем қай кезде де жастарға: «Жақсы оқып, әдепті болыңдар, әрбірің мамандық алыңдар, сол мамандықты жақсылап меңгеріңдер. Ата-аналарыңның айтқанын істеңдер. Еш ата-ана баласына жамандық ойламайды. Жүректеріңді таза ұстаңдар» деп өсиет айтудан шаршамайтын. Артындағы ұрпағы сол өсиетін үнемі санасында сақтап, өмірде ту етер принциптеріне айналдырары анық.

Мәңгілік жүректесіз, мейірман әже!

Әзиза Тәжібаеваның екінші мәңгілік ғұмыры басталды. Әзиз анамызға көрмеген көшесінен жарылқасын дейміз.

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!

Ысқақ ЕГЕМБЕРДИЕВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.