Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту шаралары талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Ләззат Алимова өңірдегі МӘМС жүйесінің жұмысы туралы баяндады.
Облыс бойынша 219 990 тұрғын міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген. Олардың қатарындағы 7581 азамат 2023 жылғы 16 қарашадан 2024 жылғы 19 наурыз аралығында тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Айта кету керек, 2024 жылдың 19 наурызындағы мәлімет бойынша әлеуметтік жағдайы төмен 10 110 адам жеңілдік мәртебесіне ие болып, мемлекет есебінен міндетті медициналық сақтандыру пакетіне қол жеткізген.
Облыста міндетті медициналық сақтандыруды енгізу шараларын күшейту мақсатында облыстық және аудандық штабтар құрылып, іс-қимылдардың бірыңғай алгоритмі әзірленді.
Басқосу барысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 38 234 адам міндетті медициналық сақтандыруға жарна төлегенін айтты.
Сондай-ақ, басқарма басшысы МӘМС жарнасын төлемеген, жұмыс жүргізу қарқыны төмен мекемелердің тізімін атады.
Облыс әкімі қызметкерлердің сақтандырылған мәртебесін алуы үшін жарна төлеу бойынша әр мекемемен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.
– Өткен жылмен салыстырғанда сақтандырылмағандар саны 30 мың адамға азайды. Оң динамикаға қарамастан, көрсеткіш әлі де ойдағыдай емес. Әрбір сақтандырылмаған тұрғынның мәртебесі барлық азаматтардың медициналық қызметтерге қолжетімді болуы үшін анықталуы маңызды. Аудандар мен Тараз қаласының әкімдіктері халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет,- деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев жұмысқа орналасқан, бірақ міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға да түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, «Цифрлық отбасы картасы» ақпаратына ай сайын мониторинг жүргізуді, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру шараларын жандандыруды, еңбек инспекциясымен бірлесіп, жұмыскерлерді міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тіркемеген жұмыс берушілерді анықтауды тапсырды. Сондай-ақ, оларға заң шеңберінде шаралар қабылданатынын ескертті.
Жамбыл облысы әкімдігі