Мақтанышым – мамандығым.  

848

Мамандығым – мақтанышым бұл менің деп бастамақпын. Өйткені өз мамандығымды өте қастерлеймін, жақсы көремін. Ия. Мен сот саласында жұмыс атқаратын мемлекеттік қызметшімін.

Мемлекеттік қызметші – қоғам мен мемлекет айнасы, тіпті биліктің жарқын келбеті десек артық кеткендік болмас. Өйткені мемлекеттік қызметті атқару — мемлекет және қоғам тарапынан айрықша, ерекше сенім білдіру деген сөз. Сондықтан да, мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылғаны белгілі, бұл өз кезегінде үлкен жауапкершілік, ал мемлекеттік қызметші осы талаптарға сәйкес өз міндеттерін атқару қажет.

Келе жатқан 23 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қызметшілер күні мейрамы болып бірнеше жыл бұрын бекітілген болатын. Ал 2022 жылы 31 наурызда Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі Судьялар мен Сот Қызметкерлерінің Күнімен толықтырылып, биыл 3-ші жыл республикамызда 24 маусым өзге де мерекелер қатарында атап өткелі отырмыз. Яғни бұл деген сот саласында жұмыс атқаратын адамдардың да өз кәсіби мерекесі бар деген сөз. Бұл әрине өте қуантарлық жағдай, өйткені мен сот саласында жұмыс атқаратын мемлекеттік қызметшісімін.

Алдыңғы уақыттары – неліктен барлық саладағы қызметкерлердің өз кәсіби мерекелері бар, ал сот саласының қызметкерлерінің өз кәсіби мерекесі не себептен жоқ екендігі жайлы жиі сұрақ туындап, көп ойланатынмын. Алайда, мінекей, енді біздің де өз кәсіби мерекеміз бар деп мақтанышпен айта аламыз.

Өз тарапымнан мемлекеттік қызметке, оның ішінде сот саласына 10 жылға таяу уақыт бұрын келгеніме еш өкінбеймін, керісінше – мақтан тұтамын. Өйткені, халық пен қоғам үшін еңбек ететінімді бақыт пен абырой деп санаймын.

Қазіргі таңда Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 7 судья және 13 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Барлығы да абыройлы, білімді, өз істеріне адал, таңдаған кәсіптеріне сүйіспеншілікпен қарайтын, жұмыстарын жоғары деңгейде жасайтын тұлғалар деп айтуға болады.

Жалпы, мемлекеттік қызметші, оның ішінде әсіресе сот саласында жұмыс атақаратын мемлекеттік қызметші деген атқа ие болудың өзі үлкен мәртебе деп білемін және сол биік атақты абыроймен ұстау, заңнамада бекітілген қызметтік әдепті сақтау, қызметтік міндеттерін заңнама талаптарына сай орындау — әр мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты және міндеті. Сондықтан, әр-бір мемлекеттік қызметші, мемлекеттің өсуі мен өркендеуі оның жұмысының нәтижесі екенін ұмытпауы қажет.

Жалпы 2015 жылғы 23 қарашадағы №416-V Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдепті сақтау бойынша төмендегідей талаптар қойылған, яғни мемлекеттік қызметшілер:

— заңдылық қағидатын басшылыққа алуға;

— мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге;

  • мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;
  • жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға;

— Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға;

  • қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден лауазымдық өкілеттіктерінен тыс тапсырмалар орындауын талап етпеуге;

— мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінде көзделген өзге де әдеп қағидаларын сақтауға міндетті.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті бұзуы мемлекеттік қызметі туралы Заңында белгіленген тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатынын ұмытпау қажет. Сондықтан да, әр мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерін заңнама талаптарына сай орындауы абзал.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің жалпы стандарттары негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидалары) Қазақстан Республикасының Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген.

Аталған кодексте «Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді» делінген. Яғни, мұнда қоғамның, халықтың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін білдіруі, мемлекеттік қызметшілерде әдепсіз мінез-құлық жағдайларының болмайтынына сенім білдіруі көрсетілген, сипатталған.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші теріс қылық жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе тіпті қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермей, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға тиіс.

Жоғарыда айтылғандарды назарға ала отырып, жұмыстарыңызда сәттілік тілеп, 23 маусым — мемлекеттік қызметшілер күнімен, әсіресе 24 маусым — Судьялар мен Сот Қызметкерлерінің Күнімен, кәсіби мерекесімен құттықтаймын!

Отбасыларыңызға амандық, жерімізге тыныштық, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге сәттілік тілеймін.

 

Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы Тілемісова Қаракөз Сәрсенбайқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.