МӘДЕНИЕТТІҢ МӘЙЕГІ — КІТАП

43
Кітап оқу – трендке айналуы тиіс. Себебі, заман өз ағымымен жұмыр жердің бетінде зымырап барады. Ал, оның бағыт- бағдарын айқындайтын жалғыз құндылық – кітап.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Мәдениеттің мәйегі — кітап» атты салтанатты ашылуы өтті.
Алдымен фойеде келушілерге аудандық кітапхананың қызметкерлері «Ұлы Жеңіске — тағзым», «Ұрпағы үшін рухы биік Бауыржан» кітап инсталляцияларын, «Өлке қаламгерлері», «Кітап әлемінің сиқырлы жылы» кітап көрмелерімен таныстырды.
Салтанатты кеш шымылдығы «Сарысу» халық театрының «Кітап- қымбат қазына» атт көрінісімен ашылды.
Шараға қатысқан аудан әкімі С.Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, барлық аудан тұрғындарын кітап оқуға шақырды: — Өздеріңізге белгілі облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен өңірде 2025 жылды – кітап оқу жылы деп жариялап, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын ресми түрде Сарысу ауданында жүзеге асыруды бастамақпыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына» деп бекер айтпағаны белгілі.
Яғни, қай кезеңде болмасын әдебиет ұлтты тәрбиелеуші басты құрал болып қала бермек, -деді. Мұнан соң Сарысу ауданының Құрметті азаматы, жазушы П.Дүйсенбин кітаптың адам өміріне маңыздылығына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, лэд экраннан жерлес журналист Болатбек Төлепберген, ақын Маралтай Райымбекұлы, жазушы Сағынбек Ордабековтың бейнеқұттықтаулары көрсетілді.
«Оқуға құштар оқырман» әдеби композицияда — Сазанбаева Динараның «Кітап білім бұлағы» өлеңін кітапхананың кішкентай оқырманы Қорамсақ Кәусар, М.Райымбекұлының «Көне Тараз» өлеңін Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері Аужан Нұрсұлтан оқыса, ақын Самат Тоқбанов жырдан шашу шашты.
«Оқитын ауыл, оқитын мектеп, оқитын оқырман» жобасы бойынша әр округ әкімдері мен мектеп директорлары, ауылдық кітапханалар оқырмандар арасында жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын жыл ішінде насихаттау, оқу мақсатында жеребе тастап, авторларды таңдап алды. Байқаудың қорытындысы бойынша қараша айында өтетін қорытынды шарада жеңімпаздар «Үздік оқырман», «Үздік оқитын ауыл», «Үздік мектеп» номинациялармен марапатталатын болады.
Шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқаса, «Айжан қыз» халықтық бишілер ұжымы мың бұрала билеп, кештің сәнін келтірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.