Ленин шахтасында қаза тапқандардың туыстары Үкіметтен қатаң шара қолдануды сұрайды  

122

«Бізді құл санайды». Ленин шахтасында қаза тапқандардың туыстары осылай дейді. Айтуларынша, Арселор Миттал Теміртау компаниясы шахталарды еш жаңартпаған. Олар Үкіметтен осыған қатысты шара қолдануды сұрайды деп хабарлады turkystan.kz «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Қаралы 5 отбасы марқұмдарды жер қойнына тапсырды. Ал ауруханадағы 4 кеншінің екеуінің жағдайы әлі ауыр.

29 жастағы Арман арманда кетті дейді туыстары. Ол екі бірдей отбасының жүгін арқалаған мақсаты биік азамат болған. Шахтада 10 жыл жұмыс істеген соң жеке кәсіп ашам деп жүріпті. Алайда міне 8 жылдан соң жер қыртысын бұрғылау кезінде мерт болды. Артында кішкентай ұлы мен жары, ата-анасы қалды.

«Ертең баласын оқытып, адам қылып өсірем деген бала жоқ. Әкесі де жылап жатыр, шешесі де өлейін деп жатыр, уколмен жатыр. Еңбегіміз оған тұрмайды, адамның өмірі тұрмайды»,- дейді марқұм Арман Кашкейдің туысы Жұмат Хамитжанов.

Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанованың айтуынша, Арселор Миттал Теміртау компаниясы қаза тапқандардың отбасына ұжымдық келісімшартта көрсетілген өтемақының барлығын төлейді.

«Ұжымдық келісімшартта көрсетілген көмектің барлығы көрсетіледі.Бұл 18 және 23 жасқа дейінгі балаларына төленетін бір реттік өтемақы, оқу орындарының ақысы, Қарағанды облысының аумағында отбасының қалаған қаласынан пәтер алып береді, бір реттік он жылдық жалақы беріледі. Компания кәсіпорындарына отбасындағы жақындарын, әйел, балаларын жұмысқа орналастырады», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова.

Алайда Ленин шахтасында қаза тапқандардың туыстары Арселор Миттал Теміртау компаниясының жәрдемақысымен ештеңе шешілмейтінін айтады. Олар компания шахталардағы қондырғыларды жаңартпайынша адам өлімі тоқтамайтынын алға тартып, үкіметтен қатаң шара қолдануды сұрайды.

«Мен де өзім шахтада істеймін. Жұмыс қиын, оған көп жағдай жасау керек. Оны істемесеңіз, осындай жағдай бола береді. Темір де тозады, адам да тозады. Оған дайындық керек, неше түрлі саймандар керек, оған ешқандай көмегі жоқ Арселор Митталдың. Олар өздерінің пайдасын ғана ойлайды, олар бізді құл деп санайды.Біз олардың құлдарымыз, ондай болмау керек», – дейді марқұм Арман Кашкейдің туысы Жұмат Хамитжанов.

Марқұмдардың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Ал ауруханадағы 4 кеншінің екеуінің жағдайы әлі ауыр. Олар метан газынан уланып қана қоймай, ауыр жарақаттанған.

Метан газы жарылған Ленин шахтасының жұмысы қазір тоқтап тұр. Газды сыртқа шығару, су сорғызу жұмыстары жүріп жатыр. Басқа 7 кен орны бүгін көмір қазуды бастады. Үкіметтік комиссия 10 күндік тексеруден кейін Арселор Миттал Теміртауға қатысты қатаң шара қолданатынын мәлімдеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.