
Дәмерхан, Ұлттық Академиялық кітапханасының қызметкері:
– Жолдасыммен отасқан 20 жыл ішінде сыйлаған көп сыйлығымды ұмытып қалдым. Дегенмен әр мерекеде міндетті түрде қызғалдақ, раушан немесе лала гүлдерін сыйлаймын. 8 наурыз секілді «жылы» мерекеде гүл сыйланбаса, мейрамның сәні кірмесі анық қой.
Жұбайым көбінесе өзіне немесе үйге қажет дүниелерді әперуімді айтады. Дәл қазір есіме хрустальдан жасалған ваза, түрлі ыдыс-аяқ, сәнді орамал, алтын әшекей бергенім есіме түсіп отыр. Жалпы, ер адамның жағдайы болса, қалтасы көтерсе неге бағалы сыйлық сыйламасқа?!Дегенмен, ең ерекше сыйлық – күнделікті жұбайыңа сүйіспеншілік сезіміңді білдіру. Себебі отбасыдағы береке осы сүйіспеншілік пен сыйластықтың арқасында жоғалмайды.
Жандос, «Отандастар қорының» қызметкері:
– Қыз-келіншектерді тек бұл мейрам күні емес, басқа күні де елеп-ескеріп, көңіл бөлеміз. Сыйлықты, әсіресе, гүлді онсыз да үнемі сыйлап жүрміз ғой. Дегенмен менің анам да, әйелім де мереке күні гүл алғанды құп көрмейді. Гүл сыйлағаннан гөрі, дұрысы, киноға алып барып, бір жерде тамақ ішіп, шүйіркелесіп отырғанды дұрыс санайды. Сондықтан мен бір күнді тұтасымен оларға арнап, ол сәт, ол мереке есте қалатындай өткізуге тырысамын. Десе де, көбіне әйелімнен «Не сыйлайын?» деп сұрап аламын. Себебі онымен ақылдаспай алған зат ертесі керексіз болып қалуы мүмкін ғой. Сондықтан алдын-ала сұрап аламын. Алайда әйелдер өзіне қандай сыйлық керек екенін ыммен жеткізіп айтып қояды ғой. Мереке жақындамай тұрып «Маған осындай керек еді» депалыстан «алып» келіп айтады. Сөйтіп, сол қалағанын алып беруге тырысасың. Жалпы, әйелдер шын көңілмен берілген кез келген сыйлыққа қуанады ғой. Сондықтан өз сүйіктісінен алған сыйлықтың бәрін ерекше санайтыны хақ.
Алмаз, мемлекеттік қызметкер:
– Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен нәзік жандыларға не тарту етсе де, жарасады. Ең дұрысы – әйелге өзі қалаған затын сыйлау. Келіншегім өз қалауын ашық айтадынемесе әлеуметтік желі арқылы видеолар жіберіп, ой салады. Бұл – бір жағынан тиімді, себебі сыйлық іздеп, сандалып, көп уақыт жоғалтпайсың.
Бұған дейін соңғы үлгідегі iPhone маркалы телефон мен робот шаңсорғыш сыйлаған едім. Биыл сыйлық алып үлгермеп едім, қазір сол өзі қалайтын сыйлықты таңдауға бара жатырмын.
Марат, банк қызметкері:
– Менің ойымша, мәселе сыйлықтың құнында емес, бастысы әйел затына назар, көңіл бөлу қажет. Әрине, көңілден бөлек, тосын сый жасап, қуантып тұру керек. Жақын жаныңды қуантқанға не жетсін! Былтыр 8 наурызда әйелімнің үйде атқарып жүрген шаруасының түгелін өзім істедім. Өз қолыммен түрлі тағам әзірлеп, артынша романтикалық кешкі асқа шақырдым. Көңіл бөлу деген осындай есте қалатын әрекеттерден тұрады деп ойлаймын.
Нұрсұлтан, кәсіпкер:
– Осыдан 4 жыл бұрын 8 наурызда қызымыздүниеге келіп, мен әйеліме емес, әйелім маған айрықша сыйлық жасаған болатын (күліп). 2021 жылдан бастап 8 наурыз – біз үшін тек мейрам емес, сонымен қатар, тұңғышымыздың туған күні.
Ал өзім әр мерекеде қызым мен жан-жарымды гүл шоқтарымен қуантып, барлық қалауын орындауға тырысамын. Әйел адамға не берсе де жарасады ғой. Дегенмен сапалы әрі бағалы нәрсе сыйлықтың жақсысы емес пе?! Бағасы қымбат болса да,бастысы – жылда қайталана бермейтін, жолдасыңның ойына кіріп шықпайтын, айрықшазат болса болғаны.
Istockphoto
https://turkystan.kz/article/256938-kyz-kelinshekterge-syilagan-en-erekshe-syilygynyz-kandai-saualnama