Қырғызстанда ауыз су бағасы қымбаттайды

134

Қырғызстанда ауызсу бағасы көтеріледі деп күтілуде, – деп хабарлады turkystan.kz Қырғызстан Республикасы Министрлер Кабинетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикадағы ауыз судың қазіргі төмен тарифі көрсетілетін коммуналдық қызметтердің құнынан төмен. Бұл сумен жабдықтау және су бұру желілерін дұрыс пайдалануға, жаңғыртуға және реконструкциялауға мүмкіндік бермейді.

Осыған орай, Қырғызстан Республикасының Үкімет басшысы Ақылбек Жапаров аудандық мемлекеттік әкімшіліктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшыларымен өткен республикалық кеңес барысында биылғы жылы ауызсуға тариф саясатын қайта қарау қажеттігін айтты.

Оларға ауызсу тарифінің құнын анықтау бойынша әдістемелік ұсыныстар, нормативтік-құқықтық актілер және құқықтық құжаттарды жедел дайындау тапсырылды. Қазір қала тұрғындары 1 текше метр су үшін 5,38 сом төлеп жүр, ал оның өз құны – 7,70 сом.

Судың 1 текше метрі үшін коммуналдық тариф Шу облысында 8 сом, Жалал-Абад облысында – 15 сом, Өзген ауданында 39 сом болып белгіленді.

Сонымен қатар, жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, мамандар су бағасы көтерілген жағдайда елдегі әлеуметтік шиеленістің күшеюін болжап отыр. Мәселені шешу үшін мысалы, жаппай есепке алу құралдарын орнату және республика бойынша су шығынын азайту сияқты балама жолдар ұсынылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.