Қылмыс әлемінің серкесі – «Баха-Фестиваль» жайлы не білеміз?

1 547

90 жылдары Қазақстан аумағында дүркіреп тұрған Баха-Фестивальді танымайтын адам жоқ шығар. Басынан сөз асырмаған ер жігіт қылмыс әлемінің талай дүлдүлін тізе бүктіріп, салқынқандылығымен үлкен құрметке пен беделге кенелген. Оның бір атын естігенде көпшілік төбе шашы тік тұрып, қаша жөнелетін деген аңыз да бар деп жазады NUR.KZ.

Қылмыс әлемінде өзінің ізін қалдырып кеткен Бақыткелді Баясов өз дәурені кезінде талай мықтыларды мойындатқан. Тіпті сөзімен келіспей, оған қарсы тұрғандардың тақиясы теріс айналып тұратын жағдайлар жиі кездесіп тұратын.

Оның әмірі, әсіресе Алматы қаласында қатты жүрді. Бақыт Алматыдағы ойынханалар мен түрлі бизнес ошақтардың барлығын дерлік өз қарамағына алып алуды әдетке айналдырды. Айтқанына көнбей өзімен санаспағандарды ол адам құрлы көрмей, мүлдем аямады.

Әлемге Баха-Фестиваль лақап атымен танылған жігіт 1963 жылы Алматы облысындағы «Энгельс совхозында» дүниеге келген. Ол елді-мекен бүгінгі ұрпаққа Қарасаз деген атымен жетті. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты өсіріп шыққан ауылда, Бақыткелді Баясов та туылған.

90 жылдары Қазақстан аумағында дүркіреп тұрған қазақ баласы Райымбектің тікелей ұрпағы болып шықты.

Қазақ ақыны Баха-Фестивальдің жанұясымен жақсы қарым-қатынаста болды. Тіпті, Бақыткелдінің әкесі мен Мұқағали арасында үлкен достық орнағаны жайлы ақпараттар кездеседі.

Алайда, төрт жас шамасында Баясовтар отбасы қоныс аудармақ болып, Еңбекшіқазақ ауданына көшіп кетеді. Туылған жері басқа болғанымен, өсіп-өнген мекені Еңбекшіқазақ ауданындағы Сөгеті ауылы болса керек.

Бақыткелді кішкентай кезінен бастап өзінің асқан белсенділігімен таңғалдырған. Жастайынан алғыр болған бала Сөгетіде бар-жоғы бір жыл ғана оқып, қалған оқу жылдарын Шелек ауылында жалғастырған.

Мектеп қабырғасында математика мен физикадан Бақыткелдіге дес беретін ешкім болған жоқ. Соған орай, дарынды балаларының білімін одан бетер жетілдіру мақсатында Баясовтар оны арнайы физика-математика мектебіне беруді ұйғарады. О.Жәутіков атындағы білім ордасында Баха-Фестиваль бар болғаны бір жарым жыл ғана оқыған.

Білімнен гөрі жігіт бойындағы спорттық қабілетке деген ұмтылыс қуаттырақ болса керек. Өзін болашақта кәсіби спортшы ретінде көрген Бақыткелді кейіннен физика-математика мекенін спорттық мектепке алмастырды.

17 жасында мектепті тәмамдаған ер бала қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетте оқуын жалғастыруға ниетті болады. Алайда, 1-курста білім алып жүрген кезде оны әскер қатарына шақырады. Нәтижесінде Бақыткелді борышын өтеу үшін Ауғанстанға аттанып, 1981 жылы алғашқы лек сапында соғысқа қатысқан.

Дәл осы Ауғанстандағы соғыс боз бала Бақыткелдіні аты шулы Баха-Фестивальге айналдырды. Ер жігіттің қайсар әрі өжет батыр болып қалыптасуына соғыстың септігі молынан тиген. Тіптен оның қылмыс әлеміне аяқ басып, бұл саланың үздігі атануына да бөтен елде көрген тағдыры әсер еткен болар.

Басқалар жайбарақат бейбіт өмір сүріп жатқанында, өзінің Ауғанстанда қан кешіп жүргені Бақыткелдінің санасына елеулі түрде әсер етіп, түбегейлі өзгерістерге жол ашты.

Азаматтық борышын өтеп елге оралған кезде Бақыт оқуын жалғастырмақ болады. Алайда, түрлі себептерге орай ойлағаны іске аспайды. Ол жергілікті баспаханада жұмыс істеп бастайды.

Сол тұстары кеңес одағының ыдырауына байланысты Қазақстан аумағында шектен тыс есіріп кеткен басқа ұлт өкілдері, намысшыл қазақ жігіттерінің көтерілуіне әкеп соққан. Туған жерде бөскен жатжұрттықтарды орындарына қоймақ болған қазақтар батырлары ел саясатына араласа бастады.

Баха-Фестивальдің ағасы Амангелді өзінің інісін қазақ тарихында ізін қалдырып кеткен спортшы Бекзат Саттархановпен салыстырды. Оның айтуынша, екі ер азаматтың да тағдыры ұқсас келген.

«Екеуі де бұл өмірге белгілі бір миссиясымен келді, және оны орындады. Бақыткелді өз миссиясын адал атқарып, өз заманының батыры атанды. Асқан қатыгездігімен танылса да ол, көп азаматтарға көмек қолын созды. Күштілердің барлығы дерлік Бақыттың кеңестеріне құлақ асатын. Ол әділдік үшін жанын салар адам еді. Бақыт тәртіпті жақсы көретін, айтқанын орындайтын, орындатқызатын. Мұның өзі өнер», — деп айтты Амангелді Баясов.

Сонымен қатар, Баха-фестивальдің ағасы оның Өскеменде орын алған дауды шешу барсындағы маңызды рөлін де айтып кетті. Ол інісінің шешендер мен қазақтар арасындағы түйткілді мәселені тоқтатқанын мәлімдеген.

Аса күрделі оқиғаны тұйықтағаны үшін ол үлкен абырой мен сыйластыққа кенелді.

Беделінің өскені соншалық, тіпті өзге елдегі қылмыс әлемінің жігіттері Алматыда бизнеспен айналысу үшін Бақыттың алдынан өтіп тұрған. Фестиваль рұқсат бергенннен кейін ғана олар өз ісіне кірісуге қауқарлы болды.

Бақыткелдінің достары оны тек адал адам ретінде сипаттайды. Оның үстіне жолдастары, асқан қатыгездігімен адамдарды үрейлендіріп жүретін Баха-Фестиваль шын мәнісінде жақыны үшін қолдағы барын аямайтын дос болғанын айтады.

Кеңес Одағының ыдырауы елімізді біраз әбігерге салғаны бар. Халықты жақтап қалар мемлекеттік құрылымдардың саны күрт азайып, ешкімнің ешкімге сенбейтін кезеңі қанат жайды. Мемлекет ақшасын жымқырып, кінәсіздерді кінәлап жатқан прокурор мен түрлі мемлекеттік қызметкерлердің әділетсіз әрекетіне Баха-Фестивальдің ортасы бей-жай қала алмаған.

Қылмыс әлемінің өкілдеріне алдынғы қатарлы шенеуніктердің де жүгінген кездері болды. Бір күні Бақытқа бір жақсы танысы келіп туысының алданып қалғанын айтады. Өзін жақтауға көмек сұраған ер адамның шын мәнісінде дұрыс емес екенін аңғарған Бақыт мәселені кінәсіз айыпталып отырғанның үлесіне шешкен.

Сол тұста, көмек сұрай келген адам оның асқан әділеттілігіне таңырқап қалғаны да бар.

Алматылықтарды ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған Баха-Фестивальдің әрекеттерін ресейлік шіренушілер көре алмады. Ешкімнің алдында тізе бүкпеген ол өз қаласында тәртіп орнағанын қатты қалады.

Өзінің шектен тыс әділеттілігі мен патриоттылығы Бақыткелдінің түбіне жетті десек те болады. Ол 1993 жылы 7 қазанда Алматыдағы Жандосов көшесінің бойында орналасқан №12 емханада көз жұмды.

Кеңсай жақта орналасқан үйде жасалған қастандық Баха-Фестиваль мен жанындағы төрт көмекшісінің өмірін қыршынынан қиған. Бұл оқиға қазақстандық рэкеттерге жасалған ең алғашқы қастандық деп тіркелді.

Қазақ жеріндегі әділеттікті ерекше аңсаған ол 11 қазанда, 30 жасқа толған туған күнінде жер қойнына тапсырылды.

Райымбектегі Бақыткелді Қаматайұлы атындағы мешіт

Баха-Фестиваль қайтыс болмас бұрын, өз достарына мешіт салу туралы ойын іске асырғыс келетінін айтқан болатын. Арманын орындағысы келген Бақыт тіпті Алмаарасанға барар жолдан жер де алып қойып үлгерген.

Бірақ, ол қасиетті үйдің құрылысы аяқталмай жатып көз жұмды. Өзі бақилық болғанымен аты мәңгі жасасын деген ниетпен Бақыттың бауырлары біріге отырып, інілері аяқтай алмай кеткен мешітті тұрғызып қойды. Қазір Бақыткелді Қаматайұлы Райымбектегі атындағы мешіт өзі ойлағандай рухани орталыққа айналып, жұмыс істеп тұр.

Аты шулы ешкімге дес бермес Баха-Фестивальді қылмыс әлемінің басқа өкілдерін сияқты қайғылы жағдай күтті. Басқаларға танытқан қатыгездігі мен істеген ауыр қылмысы Бақыткелдіге өмірін алған тапанша оғынан қайтқан. Оның өмірін қиған жауыздар алдын ала жоспарланған тапсырма бойынша әрекет еткені айқын көрініп тұр.

Өзі өмірден өткенімен, бұл қазақ баласы жөнінде әңгімелер әлі де таусылар емес.

Мәліметтер интернет желісіндегі ашық дереккөздерден алынды. 

alashainasy.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.