Мәжіліс депутаттары – «AMANAT» фракциясының мүшелері Аманжол Әлтай мен Ерболат Сатыбалдин Ұлытау облысында болып, Кеңгір ауылындағы құс фабрикасының құрылыс жұмысын тексерді. Кәсіпорын партияның аймақтық сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр.
Зауыт 30-ға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Фабрикада жылына 1000 тонна ет пен 25 млн жұмыртқа өндіру жоспарлануда.
«Зауыттағы жұмыс процесі толық автоматтандырылады. Балапандар 42 күннен кейін союға шығарылады. Құс етін өңдеу цехын тамызда іске қосу жоспарлануда. Ал жұмыртқа бағытындағы цех күзде жұмыс істей бастайды», – деді фабрика директоры Ринат Ахтямов.
Мәжілісмен Ерболат Сатыбалдин негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету деңгейін арттыратын осындай кәсіпорындарды партия алдағы уақытта да қолдайтынын атап өтті.
«Егер облыста құс өнімдерін тұтыну көлемі 3500 тоннаны құрайды десек, зауыт осы сұраныстың 30%-ын өтейді. Бұл бастама жергілікті жерде өнім өндіруге және оны нарыққа шығаруға көп мүмкіндік береді. Біз партияның сайлауалды бағдарламасы аясында құрылыс нысандарының пайдалануға берілуін бақылап отырамыз», – деді ол.
Халық қалаулысы Аманжол Әлтай азық-түлік импортын азайту қажет екеніне назар аударды.
«Тауық етінің импортын азайтып, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттыру қажет. Сол кезде тұтынушы сапалы өніммен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, бизнестің тұрақты табысы қалыптасады», – деді ол.
Жалпы, Ұлытау облысында 2027 жылға қарай «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделерін орындау аясында қуаттылығы 1 мың тонна ет өңдеу кәсіпорны және 1 мың басқа арналған бордақылау алаңы құрылады, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,5 есеге артады, осы саладағы 1 мың адам жұмыспен қамтылады.
«Жаһандық азық-түлік дағдарысы жағдайында отандық ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп қазақстандықтарды негізгі азық-түлік тауарларымен 100 пайызға қамтамасыз етуге тиіс», – делінген партияның республикалық сайлауалды бағдарламасында.
https://turkystan.kz/article/227608-kus-eti-importyn-azaytu-kerek-mezhilis-deputattary-ulytau-oblysynda-boldy/