Құрманбек Жұмағали медиахолдингтің басшысы болып тағайындалды

186

31 телеарна мен informburo.kz ақпараттық порталын бір холдинг құрамына біріктіру процесі аяқталды. Жаңа құрылған медиахолдингтің басшысы болып 31 арнаның бас директоры Құрманбек Жұмағали тағайындалды деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл жұмыс бірнеше жыл бұрын 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасы мен informburo.kz интернет-порталы редакцияларын интеграциялау  негізінде басталған еді. Екі медианы біріктіру  –  басқару және редакциялық саясат сапасын одан әрі арттыруға, мультимедиялық ақпараттық контент өндірісін күшейтуге мүмкіндік береді.

«Алдымен холдингтің бизнес-мақсаттары мен міндеттерін анықтадық. Бірнеше бағыт бойынша жұмысты жіті назарға аламыз. Ең бастысы, елдегі және әлемде болып жатқан оқиғаларды жедел, шынайы әрі жан-жақты көрсетуді жалғастыра береміз, медиахолдингтің интернет-кеңістігіндегі жұмыс ауқымын ұлғайтамыз, аудиторияның қажеттіліктерін ескере отырып түрлі жанрдағы жаңа контент ұсынамыз», – деді Медиахолдинг басшысы Құрманбек Жұмағали.

Айта кетейік, биыл 31 арнаға 30 жыл толады.  Мерейтой қарсаңында телеарнаның эфирге шығу жүйесі толығымен автоматтандырылып, шығармашылық топ көрермендерге бірнеше жаңа ойын-сауық шоу, сериалдар мен фильмдер ұсынады. Ал мультимедиялық, ақпараттық-сараптамалық informburo.kz порталы 2015 жылы құрылды және еліміздің жетекші ақпараттық сайттарының біріне айналып үлгерді.

Informburo.kz 24/7 режимінде елде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды ұсынып, оқырмандарға түсіндірме журналистика жанрында ақпарат береді. 2022 жылдан бастап портал арнайы репортаждар мен эксклюзивті сұхбаттар түсіріп, өзінің YouTube-каналын белсенді түрде дамыта бастады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.