«Құлагер» әдеби байқауы жарияланды

167

Алматыда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында республикалық «Құлагер» әдеби байқауы жарияланды.

«Қазақстан жазушылар одағы» мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы» ЗТБ бірлесіп ұйымдастырған әдеби байқаудың ресми ашылуы Алматы қаласында ҚР Жазушылар одағы ғимаратында өтті.

Жиынға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ Жазушылар одағының мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жаңа 2024 жыл жалпы қазақ үшін, соның ішінде өркениет үшін өте ерекше болайын деп тұр. Өйткені елімізде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған 100-ден астам елдің спортшылары қатысады. Жарыс ұлттық спорттан болады: ат шабыс, күрес, садақ ату, қыз қуу сынды. Бұл енді Қазақстанда алғаш рет болайын деп жатыр. Яғни біздің рухымыз, біздің ұлттық құндылықтарымыз қайтадан өзімізге келіп жатыр деген сөз. Күннен күнге қазақтың өзінің еліне деген, жеріне деген ықыласы, махаббаты оянып келеді. Әсіресе жастардың арасында өзінің мәдениетін білгісі келетіндер, өзінің тілінде сөйлегісі келетіндер көбейіп келе жатыр, — деді Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

Жазушылар одағының басқарма төрағасы алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында ұйымдастырылған республикалық «Құлагер» әдеби байқауы мақсат-талаптарын да атап өтті.

Осы спорт жарысының аясында үлкен байқау-бәйге жарияланды. Ол 7 номинация бойынша өтеді: проза, поэзия, деректі шығарма, драматургия, фантастика және өзге де. Бәйгенің аты — “Құлагер”. Байқауға ақын-жазушыларымыз қатысады. Онда біздің ұлттық ойындарымыздың ерекшелігі, ұлттық ойындарымыздың қазақ халқын өзге ұлттарға қалай таныстыратыны жөнінде жақсы шығармалар жазылады деп ойлаймын. Қатысам деуші қаламгерлерге және олардың жасына шектеу жоқ. Әр номинация жеңімпазына 2 млн теңге беріледі. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны алдында байқаудың нәтижесі жарияланады, — дейді Мереке Құлкенов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.