КСРО ЧЕМПИОНЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

202
Спорт – салауатты өмір салтының кепілі, денсаулықтың тірегі. Әдетте кез келген тұлға спортпен шұғылдана алады, бірақ шын спортшы болу әрқайсының қолынан келе бермейді. Өйткені, спорт өнерінде қайсар мінез, күш-жігерді, төзімділікті үйлестіре білген адам ғана бұл іске білек сыбана кірісіп, биік шыңдарды бағындырады. Бүгінде даңқты спортшылардың есімі ауданымызда жетерлік. Әйтсе де биік шыңға шыққан олар туған жерін әсте есінен шығарған емес. Оның үстіне «Жомарт түлек» жобасы ойда-қырда жүрген ел мақтаныштарын кіндік қаны тамған өлкеге жетелуде.
Сәрсенбі күні аталған жоба аясында Бірлесу-Еңбек орта мектебінде жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Спорт саңлақтары ауылдан шығады» ұранымен «Ел үмітін – ер ақтар» атты тақырыпта мотивациялық кездесу кеші өтті.
Кездесуге Бірлесу-Еңбек ауылынан түлеп ұшқан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбо, дзюдо күресінен спорт шебері, КСРО чемпионы Сәдет Қасымов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бүгінде ҚР негізгі футбол құрама командасының ойыншысы, ауылдан шыққан шәкірттері облыс көлемінде үздіктер қатарынан көрінуге ықпал етіп жүрген Иван Ильицкий, шахматтан және бокстан спорт шеберлігіне үміткер, шахматтан ел чемпионы Сәкен Ауғанбаев арнайы келді.
Әуелі ауыл мақтаныштары елді мекеннің көшелерін аралап, жасалған игіліктерді көрді. Мұнан соң мектепке атбасын бұрды. Ұзақ жылдар ауылға табан тіремеген ардагер спортшыларды метеп директоры Нұргүл Әйтешова қарсы алып, мектептің мүмкіншілігімен, пән кабинеттерімен таныстырып, ауыл жастары жиналған акт залына бастап барды.
Кеш барысында «Бірлесу-Еңбек» ауылынан шыққан спорт саңлақтары оқушылармен емен-жарқын кездесу өткізіп, бастан өткен қызықты әрі тарихи оқиғаларымен бөлісіп, жасөспірімдердің сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында мектеп әкімшілігі қонақтарға шапан жауып, естелікке сүйретке түсті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.