Жиделі Байсынды жайлаған, түлікті мыңдап айдаған Тоқтарбайдай түйелі байларды түсімізде ғана көріп, ертегі-жырлардан ғана оқушы едік.
Солар енді қасымызда жүріпті. Тәуелсіздігіміздің арқасында дейікші, еңбек еткеннің бағын жандырар базарлы қоғамда қазақтың дәстүрлі шүлен ырыс-берекесімен көзайым болып қайта жолыққандаймыз.
Көнеден тартқан текті тамыр суалмаған екен, ата кәсіптің асыл сүйегі үзілмеген екен.
Осы ғанибеттің ғажабын біз Алматы іргесіндегі «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығының миятты мысалынан көріп сүйсіндік.
Бүгінгінің түйелі мырзасы, асық ішіндегі ақсүйек құлжасы – сыпайы бітімді, сырбаз мінезді, сұлу жанды азамат Сыдық Әбуұлы Дәулетов.
Нарықтың сонау бір жан бағу мұң боп қалған қиын жылдарында кәсіпті бір түйеден бастаған шаруагер жігіт біртіндеп шұбаттың арналы бұлағын шалқыта ағызып, ел игілігіне айналдыра біліпті.
«Дәулет-Бекеттің» шұбаты бұл күндері айтулы брендке айналған.
Бүгінгі кездесу барысында көптеген қажетті деректер алып, тәжірбие алмастық десек те болады.
Көз көргенге көңіл сүйсінді. Қазақтың әрбір азаматы осындай іскер, еңбекқор болса деген арман жетегінде болдым.