Алматы ІІД қайырымдылық үшін заңсыз ақша жинайтын азаматтар үшін қылмыстық және әкімшілік заңнама талаптарын түсіндірді.
«Адам көп жиналған жерде көбіне жастар қайырымдылыққа ақша жинап жүреді. Науқас баланың немесе материалдық көмекке мұқтаж адамның суреті мен мәліметі ілінген қорапшаны қолдарына ұстап, адам жағалайды. Бұл жағдайдың рас өтірігі өздеріне аян. Талай алаяқтардың қайырымды жандардың атын жамылған кездері болған. Жиналған ақшаның қай жерге жететінін, қандай мақсатқа жұмсалатынын зерттеп білу мүмкін емес. Оңай олжа тапқысы келетіндер осыны біледі»,-деді Алматы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қалалық ішкі істер департаментінің мәліметінше, қайырымдылққа деп заңсыз ақша жинайтындар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес «Алаяқтық» айыбымен жауапқа тартылады. Қоғамдық орындарда азаматтардың мазасын алып, өз қызметін немесе тауарын ұсынатындар ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 449-бабына сәйкес жауап береді.
Осыған орай, Алматы полициясы азаматтардан қайырымдылық шарасын арнайы қор , қоғамдық бірлестік, әділет органдарында ресми тіркеуде тұрған мекемелер арқылы жүзеге асырауын сұрайды. Басқа жолмен ақша жинайтындардың заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертеді.