Қосалқы шаруашылықты табыс көзіне айналдырмақ

318

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру, үй маңында табыс табу мақсатын көздеген пилоттық жобасын насихаттау мақсатындағы пресс тур Меркі ауданында жалғасты. Өңір көлемінде бастау алып, оны іске асыру бойынша аталған ауданнан енген Сұрат ауылдық округінде жұмыстар қарқынды жүруде. Ауылдықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, дамытудың маңызы зор. Аталған ауыл тұрғындары да қосалқы шаруашылықтарын өндіріс пен табыс көзіне айналдыру үшін еңбектенуде.

Бүгінде аталмыш округте жалпы 462 аулада барлығы 2830 халық тіршілік етуде. Оның 179-ы жобаның бірінші бағыты бойынша қатысуға ниет білдірсе, мал басын арттырып, шаруасын домалатуға қамданып отыр.
Үш елді мекеннен тұратын ауылдық округте аймақ басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан пилоттық жоба аясында мұнда «Даму Сұрат» атты ауылшаруашылығы құрылған. Сондай-ақ онда 14 гектар жерге орамжапырақ пен қияр, 15,5 гектарға қияр мен картоп екі айналым бойынша себіледі. Ал сұраттықтардың негізгі дақылдарының біріне саналатын қызанақ бір айналым негізінде 27 гектар жерге егілсе, картоп 14 гектар жерге егіледі.
Қызанақты егудегі пайданың нәтижесін ауылдықтар мұнда биылғы жылы осы шаруашылықпен айналысқан Алмас Жәрдембаевтың үлгісіне сүйенбек. Ол 10 соттық жерге 2000 түп қызанақ егіп, маусым аяғына дейін 8 тонна өнім алған.
Сұратта егілетін барлық дақылдың тұқымы Алматы қаласындағы «Қазақ жеміс, көкөніс және картоп» ғылыми зерттеу институтына алынбақ. Ауыл әкімі Ғазиз Байарыстан институтпен келісім-шартқа тұрып, институттың аграном мамандары егістікті сепкеннен бастап өнім алғанға дейін өз бақылауларында ұстап, кәсіби кеңестерін беріп отыратын болады.
Ауыл әкімінің айтуынша, жобаның екінші бағыты аясында азаматтардың өтінімі облыстың тұрақтандыру қорына жолданып, құжаттары қабылданып қойған. Соның нәтижесінде 437 миллион теңгеге 3928 бас мал сатып алынбақ. Атап айтқанда 2944 қой, 347 сауынды бие, 420 бұқашықтар, 217 сауынды сиырлар алу жоспарланған. Қазіргі уақытта 47 азамат 107 бас жылқы, 136 бас ірі қара, 694 ұсақ мал, жалпы 937 бас мал сатып алынған. Жалпы сомасы 119 656 000 теңгені құрайды.
Айта кетерлігі, осы жоба аясында 5 миллион несие алған Жомарт Анафияев қаржысына 10 бас жылқы сатып алып, оны бордақылап отыр.
Сонымен қатар, кооперативке тиесілі 19 техника сатып алынған. Бүгінгі күні оның 11-і ауылдық округ аумағына жеткізілген. Техника құны 97 млн. теңгені құраған. Пилоттық жоба аясында ауыл тұрғындары 2 жылыжай, бір көкөніс цехын ашуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарды іске асырудың алғашқы қадамдары жасалуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.