Жамбылдық полицейлер қордайлықтардың түн ұйқысын қашырған қарақшыларды іздеуде, – деп хабарлайды «AraiNews» ақпарат агенттігі облыстық ІІД баспасөзқызметіне сілтеме жасап.
Өткен айдың 20-сы мен 29-ы аралығында Қордай ауданының орталығында адамдар зардап шегіп, материалдық шығынға ұшыраған қарақшылық шабуылдар реті тіркелген болатын.
Барлық жағдайда да бетперде киген белгісіз азаматтар тұрғын үйлерге басып кіріп, азаматтарды ұрып-соғу арқылы қорқытып, олардан ақша мен бағалы заттарын беруді талап еткен.
Осылайша, 20 шілде күні сағат түнгі 22:00 шамасында ағаш шоқпарлармен қаруланған 2 қарақшы зейнеткерлердің үйіне басып кіріп, оларды соққыға жыққан. Сонан соң үйде сақтаулы тұрған 100 мың теңге мен 500 еуроны қолды қылған. Қазіргі уақытта қариялар аудандық ауруханаға жеткізіліп, ем қабылдауда.
Сонан соң 21 шілдеге қараған түні 03:00 төңірегінде пышақ және газ баллонымен қаруланған белгісіз тұлғалар 59 жастағы дүкен иесінің үйіне терезе арқылы түсіп, 100 мың теңгесі мен алтын бұйымдарын алып кеткен. Зардап шеккен азаматшаға дәрігерлік көмек көрсетілді.
Ал 29 шілдеде кешкі 21:00-де екі қылмыскер аудан орталығының 45 жастағы тұрғынының үйіне басып кірген. Олар азаматты соққыға жығып, үйіндегі қызын байлап тастаған. Осылайша 50 мың теңгені қалтаға басқан.
Кейінірек аудан орталығында шабуыл жасағандар зәбір көргендердің саусақтары мен құлақтарын кесіп, қинағаны туралы сыбыс тараған. Алайда, облыстық ІІД мәлімдеуінше, тараған әңгіме шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жалған ақпарат таратушылардың жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертуде.
Қарақшылық шабуыл фактілері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192 бабы 2 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған. Сондай-ақ, іздеу шаралары жүргізілуде.
Аталған қылмыстарды ашу мақсатында облыстық ІІД бастығы А. Оразалиевтің тапсырмасымен тәжірибелі әрі арнайы дайындалған мамандардан тұратын жұмысшы топ құрылған. Сондай-ақ, полицейлер тергеу барысын ІІД бастығы тікелей бақылауына алғанын айтады.