Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық мәдениет үйінде «Ұлттық құндылықтар – ел бірлігі» жобасы аясында «Бесаспап аналар» атты танымдық кеш өтті. Өскелең ұрпақққа тағылымды тәрбие беру, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді, атадан балаға мирас болып қалған ұлттық қолөнер бұйымдарымызды насихаттау, қолөнер саласына өзіндік үлесін қосып жүрген шеберлермен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шараға ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, бүгінде немерелерінің бақытына кенеліп отырған әжелер қатысты. Қордай, Әлжан ана және Кенен ауылдарының қолынан өнері тамған, жасы 80-ге таяған әжелер өздерінің қолөнер бұйымдарымен таныстырып, әр бұйымның жасалу жолына, қыр-сырына жіті тоқталып өтті. Әсіресе, ақындық өнерімен жерлестеріне танымал Анаркүл Ыдырысқызы өзінің қолынан жасаған әр көрпенің жасалу әдісі мен ұлттық нақышына ерекше тоқталып өтті. Сонымен қатар, ардақты аналар өздерінің өмір жолы мен балаларының жетістіктерін үлкен экраннан көрсетіп, балаға тәрбие берудегі тәжірбиелерін ортаға салды.
Тағылым мол шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов қатысып, игі шараға арқау болған аналарға алғысын жеткізді. Танымдық шара әлеуметтік желі арқылы тікелей көрсетілім жасалып, 200 ге жуық аудан тұрғындары тамашалады.