Қордай ауданына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек іссапармен келіп, ауылдардағы бірнеше құрылыс нысандарын аралап, қолға алынған жұмыстардың барысымен танысты.
Бірінші кезекте Ұлан Еркінұлы Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаевпен бірге Гвардейский қалашығындағы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жанындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауытының құрылысымен танысты. Күні кеше Үкімет басшысы Асқар Мамин іргетасын қалап кеткен зауыттың құрылысы қарқынды жүруде. Ұлан Жазылбек құрылыс алаңында мердігерлермен кездесіп, олардың алдында өте жауапты іс тұрғанын ескертті. Себебі мұнда бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірленбек. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде жаңадан салынып жатқан бұл зауыттың халықтың денсаулығын сақтау жолында алар орны жоғары екенін және құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтау қажеттігін атап өтті.
Осыдан кейін Ұлан Жазылбек Кенен ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысымен танысты. Оны құрылыс басында аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Р.Мадияров қарсы алып, бүгінде 16 шақырымдық су құбырының құрылыс жұмыстары 90 процентке аяқталғанын және де жұмыстар жоспарға сай атқарылып жатқанын баяндады.
Осы күні Ұлан Еркінұлы Ноғайбай ауылдық округіндегі Р.Қунақова атындағы №35 орта мектептің қазандығын салу жұмыстарымен және Қордай ауылында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысып, мердігерлермен кездесіп, анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма жүктеді.
Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің жұмыс сапары түс ауа Сортөбе ауылында жалғасып, «колхоз» аймағында магистральді газ құбырын салу мәселелері бойынша штаб отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев атқарылып жатқан жұмыстар мен мердігер ұйымдардың өкілдерімен тығыз қарым-қатынас және туындаған мәселелерді бірлесіп шешу жөніндегі жұмыстарды баяндады.
Мамандардың айтуынша, 73 шақырымдық жоғары қысымды газ құбыры құрылысының жобасын облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы әзірлеген және екі бөліктен тұрады, олардың жалпы есептік құны 5,7 млрд. теңгені құрайды. Бірінші кезеңді іске асыру жалпы құны шамамен 2 миллиард теңге болатын 31 шақырым жоғары қысымды газ құбырын салуды көздейді. Бұл қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінетін болады. Ұзындығы 42 шақырым газ құбыры құрылысының екінші кезеңі инвестициялық бағдарлама есебінен «ҚазТрансГаз» АҚ күшімен жүзеге асырылады. Жобаның екінші кезеңінің құны 3,7 млрд. теңгені құрайды. Екінші кезең өткізу қабілетін арттыра отырып, «Қордай» АГРС-ін қайта құруды қамтиды. Мердігер ұйымдарға жұмыстарды 1 қыркүйекке аяқтау міндеттелген.
Газ құбыры құрылысының арқасында 5282 тұрғын үй, мектептер, балабақшалар мен ауруханалар, кәсіпкерлік нысандар сынды 274 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны табиғи газбен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Жалпы алғанда 50 мыңға жуық адам көгілдір отынға қол жеткізеді.
Қордай ауданын 2024 жылға қарай көгілдір отынға толығымен қосу жоспарланып отыр.
Алдыңғы