Қордай ауданының әкімі Р.Дәулеттің аудан тұрғындарын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы

618

Құрметті жерлестер! Қадірменді көпшілік!
Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Бұл мереке еліміздегі барлық этнос өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбіт өмірінің көрінісі, бірлігі мен ынтымағы жарасқан түрлі ұлт өкілдерінің мерейлі мерекесі.
Ұлтаралық татулық пен ауызбіршіліктің арқасында еліміз жаңғырудың жаңа белесіне көтеріліп, тәуелсіздігін нығайтты. Сондықтан да бейбітшілік пен тұрақтылық және ұлтаралық келісім мемлекетіміздің ең басты негізі болып қала бермек.
Осындай көпұлтты мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдардағы қол жеткізген жетістіктері, ең алдымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың оңды саясатының арқасында екені анық. Тәуелсіз еліміздің одан әрі өсіп-өркендеу, саяси өрлеу жолындағы қарышты қадамын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдаған «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты кезекті Жолдауы жалғастырды. Ел Президенті саяси құжатта қарапайым халыққа деген зор қамқорлықты міндеттеп, бүгінде еліміздің барша азаматтары арасында үлкен қолдауға ие болып отыр.
Ұлтаралық татулығымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып, сол бірліктің ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы көп елге үлгі болып келеді. Елбасы Н.Назарбаев төрағалық ететін ынтымақ пен тұрақтылықтың берекелі бастауы бола білген бұл қоғамдық ұйымға биыл 25 жыл.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауданымызда 30-дан астам түрлі этнос өкілдері бір кісідей жұмылып еңбек етуде. Қоғамдағы келісімді ұйыстыру, этномәдени бірлестіктермен байланысты жандандыру бағытында өңірімізде үйлесімді жұмыстар жасалуда. Бүгінде ауданда әр түрлі этностардың салт-дәстүрлерін сақтай отырып, этносарлық қатынасты нығайту мақсатында құрылған 9 этномәдени бірлестіктер жұмыс атқарады.
Осылайша, ауданымызда Елбасының ұлтаралық тұрақтылық жөніндегі саясаты өз нәтижесін беріп қана қоймай, ауданымыз бүгінде барлық сала бойынша облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрінуде. Бұл біздің халқымыздың достығын, елдігін, ынтымағын білдіреді. Алдағы уақытта да ауданымыздың әрбір тұрғынының еселі еңбегі экономиканы жаңғыртуды жүзеге асырудың негізі болары сөзсіз.
Қадірменді жерлестер!
Ортақ шаңырағымызда сыйластық пен сенімділік, татулық пен тұрақтылықты сақтау үшін ортақтасып атқарған ісіміз оң болғай!
Бейбіт өмірде берекелі ғұмыр кешкен көпұлтты халқымыздың бірлігі жарасып, татулығы мен ынтымағы арта берсін!
Бүгінгі бірлік мерекесімен баршаңызды құттықтай отырып, сіздерге бақыт, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі арта берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.