Күні кеше Қордай ауданының әкімі Р.Дәулет аудан орталығындағы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы мен №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің жай-күйімен танысты. Білім нысандарын аралаудағы басты мақсат — білім нысандарының жағдайымен жақынырақ танысу, шешімін таппай жүрген күрделі мәселелер бойынша аудан деңгейінде шешу жолдарын қарастыру. Ең алдымен Р.Рысбайұлы облыс бойынша үздіктердің қатарынан көрініп жүрген №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-лицейде болды. Мектеп директоры С.Сарғасқаева аудан басшысына мектеп ғимаратын көрсетіп, оқушылардың жетістіктерімен бөлісті. Соңғы жылдары білім саласындағы тәуекел дәрежесін бағалаудың 39 критерийі бойынша барлық талаптарды орындап, соңғы үш жылда алдыңғы қатардан көрініп жүрген мектепте 1400 ден астам бала білім алады. Мұнда 50 ден астам түрлі мектеп үйірмелері жұмыс жасайды, нәтижесінде оқушылары облыстық, республикалық сайыстарда, тіпті халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып келеді. Осындай үлгілі білім беру мекемесінде өзекті мәселелерде баршылық. Ең бірінші оқушылар үшін ең қажетті спорт және акт залының төбесінен су ағып, қолайсыздық тудыруда, мектеп үшін екінші өзекті тақырып — бассейн мәселесі. Пайдаланылмай тұрғанына біраз жылдың жүзі болған хауыз күрделі жөндеуді талап етеді. Аудан басшысы мен мектеп директоры хауыздың орнына күрес залын ашып, мектеп жанында орналасқан спорт мектебінің оқушылары үшін жаттығу залын жасау керектігі туралы ортақ шешімге келді. Сонымен қатар, мектеп директоры С.Сарғасқаева «Мектебімізде шығармашылықпен айналысуға ниет білдірген оқушылар саны көп, дегенмен шеберхана мен еңбек сабағына қажетті заттардың болмауы қиындық туғызып тұр, осыған қолдау білдірсеңіз…»-деген аудан әкіміне сұранысын жеткізді. Аудан басшысы еңбек кабинетінде оқушылардың жасаған бұйымдарын көріп, аудан әкімдігінің білім бөлімімен бірлесіп қажетті заттар алу үшін ұсыныс беруді тапсырды.
Р.Дәулет мектеп ауласындағы абаттандыру жұмыстарына да көңіл бөліп, мұндағы жарықтандыру жұмыстары, орындықтарды жаңарту, гүлзарларды қалыпқа келтіру және даладағы спорт алаңшаларының стандартқа сәйкес болуын баса айтты. Мектептің ауласындағы сыртқы жұмыстары бойынша ауыл әкімі Б.Сахатоқа тиісті тапсырма берді.
Кейіннен аудан басшысы №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейде болды. Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен оқу нысанының жағдаймен танысқан аудан басшысы мектепті безендіру бойынша директорға сын ескертпелерін айтып, тиісті шаралар қабылдау қажеттігі жөнінде тапсырма берді.
Аудан әкімі Р.Дәулет мектептерді аралау барысында «Әбу насыр Әл-Фараби, А.Байтұрсынов, А.Құнанбаев сынды ұлы тұлғалардың тәрбиелік мәні бар қанатты сөздері мектептің көрнекі орындарында жазылу керек, даналардың сөздері өскелең ұрпақты тәрбиелеуде таптырмайтын құрал»-деп мектеп директорларына ақпараттық безендірулер туралы ұсынысын жеткізіп, тапсырма берді.
Алдыңғы
Келесі