Міне, көктемнің жүректі жадыратар жұпар иісі мен шуағын өзімен бірге ала келген Наурыз мейрамына да жеттік. Ұлы дала төсінде жылдар бойы тойланып келе жатқан мереке биыл ауданымызда бұрын-соңды болмаған сән-салтанатымен атап өтілді.
Бұл күні аудан әкімінің бастамасымен Жібек жолы — Төле би көшесінің қиылысынан Домалақ ана көшесінің қиылысына дейін жиырмадан астам киіз үйді оқу орындары, денсаулық сақтау мекемелері, бөлімдер мен кәсіпорындардың ұжымдары орнатқан. Әр үйдің ұлттық болмысымызды айшықтайтын жабдықтармен, әшекейлермен безендірілуіне, ұлттық тағамдардың мол болуына ерекше мән берілген.
Орталық алаңда ұлттық әуендер шырқалып, қонақтарды аудандағы этно-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-бимен қарсы алды. Шығыстың жыл басын қарсы алуға жүздеген адам жиналды.
Жаңару мен жаңғырудың құтты бастауы болған Наурыз мерекесін бауырсақ, наурыз көже, қазы-қарта және басқа да дәмді тағамдарсыз елестету мүмкін емес. Көпшілік серуеніне келген қордайлықтар қазақтың осы астарымен қатар, түрлі ұлттың тағамдарынан дәм татып көруге мүмкіндік алды. Ұлттық киім киген жылыжүзді бойжеткендер дастарханның сәнін келтіріп, халқымызға тән қонақжайлылықпен есік алдында келген меймандарды шақырып тұрды.
Ал аудан өнерпаздарының дайындаған «Төрлет, төрлет, Наурыз!» атты театрландырылған қойылымы жарқын әрі есте қаларлықтай болды.
Дәстүр бойынша Қыдыр ата жыл бойына береке мен молшылық тілеп, ақ батасын берді.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Бегзат Болатбеков қордайлықтарды Әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Қордай ауданының әкімдігі