Қордай ауданында этноауыл салынып жатыр

97

Жамбыл облысында туризмнің әр түрін дамытуға зор әлеует бар, мұнда облыстың көрікті жерлеріне сауықтыру, этникалық, экскурсиялық және экологиялық турлар жасауға болады. Ал жас кәсіпкер Мақсат Барманқұл Қарасу ауылдық округіндегі этникалық ауыл Қордай ауданының көрікті жерлерінің бірі болатынына сенімді.

Мақсат 50 гектар аумақта байырғы қалпындағы қазақ ауылын құру үшін ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Мұнда адамдар қымыз және саумалмен емделеді, жайлы қонақ үйде тұрады, көлге шомылады немесе атқа мініп, уақытты тиімді өткізеді.

Кәсіпкер бірнеше жыл бұрын облыс орталығында қымызхана ашып, өнімге деген сұраныстың жоғары екендігін байқаған. Осыдан кейін Қордай ауданынан этникалық ауыл салу идеясы келіпті.

Бірақ жобаны бастамас бұрын ол даму перспективаларын зерттеп, бизнес-жоспар құрды, құрылыс салу үшін жер іздеді, басқа облыстардағы ұқсас ауылдардан тәжірибе алды.

– Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстандағы этнотуризмді дамыту туралы бірнеше рет айтқан болатын. Президенттің айтуынша, көптеген шетелдік туристер арасында көне жерлерді аралап, тарихи оқиғаларға қатысуға сұраныс артып келеді. Әртүрлі ұлттардың мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттеуге, өздері қыдырып келген елдің тарихын білуге қызығушылығы зор. Сондықтан, этноауыл – өткенге саяхаттап, өзіңді нағыз көшпенді ретінде сезінудің, өткен жылдардың атмосферасын сезінудің таптырмас мүмкіндігі, — дейді Мақсат.

Этноауылға келген саяхатшылар қазақ халқының мәдениеті мен өмірін тереңірек тану, сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдарының алуан түрлілігі мен өзіндік ерекшелігін бағалау үшін кез келген киіз үйге немесе қонақүйге орналаса алады. Қонақтар ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татып қана қоймай, өз қолдарымен дайындауға да мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, қонақтарға көшпелі өмірдің барлық ерекшеліктерін сезіну үшін жоба авторы кешен аумағында ат спорты шараларын, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен басқа да шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мұнда ұлттық ән-биімен мерекелік шаралар да ұйымдастырылмақ.

Этноауылдың ашылуы шілде айының аяғы – тамыздың басына көзделіп отыр.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.