КӨҢІЛГЕ ҚАРАП СӨЙЛЕШІ МАҒАН…

91
Көңілге қарап сөйлеші маған, құлыным,
Сезейін мен де сендегі жүрек жылуын.
Жылдардан қалған көзімде мұңның табы бар,
Əжімнің ізі жүрегімнен де табылар.
Көңілге қарап сөйлеші маған, жарығым,
Ол дағы болар адамдық сенің парызың.
Жүзіңнің айдай көрсем де көркем, сұлуын.
Жаныңның, əттең, зарықтым сезбей жылуын.
Шашымның ағы, жүзімнің əжім қатпары,
Шатпағы еді өмірдің өткен шақтағы.
Мен дағы сендей қылшылдап тұрған жас едім,
Көңілді мендік өмірдің күзі таптады.
Көңілге қарап сөйлеші, күнім, жатсынбай,
Күйгелек көңіл сөзіңнен бір сəт тапсын жай.
Көтеріп келем жағамның кірін əрең мен,
Ұғарсың бір күн қауышсаң мендік əлеммен.
Жүзіме қарап ұғыншы менің жайымды,
Жайымды ұқсаң,
Ұғарсың мендік уайымды.
Бүгінде көктем басыңда дəурен құрғанмен,
Күзің де келер,
Келместей болып тұрғанмен.
Бұлданба бұлай,
Орынсыз, күнім, бұлданба-ай!
Ойласам маған көрінер Дүние — зындандай.
Бітпестей болып көрінген өмір, расында,
Бір-ақ сәт екен — көзіңді ашып жұмғандай.

Leave A Reply

Your email address will not be published.