Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев жамбылдық жас ақындармен жүздесті. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен басқосуға бұл күнде поэзияны жанына серік етіп, жастық жалынын жырға қосып, халықаралық һәм республикалық мүшәйраларда жеңімпаз атанып жүрген талантты жастар қатысты.
Қала әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған еркін форматтағы әдеби кездесуді ашып беріп, жүргізіп отырған облыстық «ARAI» газетінің мәдениет бөлімінің редакторы, жас ақын Нұржан Қадірәлі алғашқы сөз тізгінін Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаманға берді. Өз кезегінде Хамит Ерболатұлы арнайы қолдау білдіріп, жастар жылында өңірдің қалам ұстаған таланттарының шығармашылығына жанашырлық танытып, осындай игі шараны ұйымдастырып отырған Қайрат Әскербекұлына алғыс айтып, бірқатар ұсыныс, ой-пікірін жеткізді.
Сөз барысында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы жергілікті жас ақындардың жеке жинақ кітаптарын шығаруға қала әкімдігі тарапынан қолдау болса, сонымен қатар қазіргі отандық поэзия кеңістігінде есімі елге, таланты халыққа мойындалған тараздық ақын Ерлан Жүніспен кездесу ұйымдастырылса және Руми мен Рудакиден бастап шығыстың шоқ жұлдызды шайырлары мыңдаған жыл жырлаған киелі Тараз қаласында поэзиялық форум өтсе деген өзекті ұсыныстарын ортаға салды.
Бұл ретте шаһар басшысы жастардың шығармашылығын қолдау мәселесі мүмкіндігінше назарда болатынын айтты. Бұдан кейін талат тізгініндегі ақындар Табиғат Абайылдаев, Данияр Әлімқұл, Нұрболат Сатымқұл, Арайлы Жақсылық, Ғайникен Райымбекова, Шапағат Әбдір, Жұматай Көксубай, Назерке Исраилова,Елдар Боранбек, Аян Қуат,Марал Хантөреқызы, Назерке Оңғар, Бексұлтан Қоштаев, Аружан Қуат нәзиралы нәркес жырдан нөсер төксе, осы қатарда өз өлеңін оқыған жас ақын Нұрлан Әбдікәрім «Құлақтан кіріп, бойды алар» әуезді әннен шашу шашты.
Жыр керуенін жалғаған Нұржан Қадірәлі Таразға арнаған толғауын оқып, қаламдас, замандастарының қошеметіне бөленді. Жиынды қорытындылаған Қайрат Әскербекұлы қазіргідей уақытта өмірден өз орнын таба алмай жүрген жастардың бар екенін тілге тиек етіп, осы ретте қазақ әдебиетінің келешегіне қаламмен жол салып, тамшыдай болса үлес қосып жүрген жас ақындарға алғысын жеткізді. Қала басшысы қазақтың бірнеше көрнекті ақындарының өлеңінен жатқа үзінді оқып, шығармашыл жастарды Тараздың өзіндік әнұранына айналарлық туынды жазуға шақырды. Кәдесый ретінде барлық қатысушыларға Абайдың құнды қара сөздері жинағын тарту етті.