ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЖҰМЫСТАР ҰДАЙЫ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

90

Өздеріңізге белгілі, жыл басынан бері ауданға қарасты қала мен елді мекендерді толық аралап, тұрғындарды толғандырған мәселелерді тыңдадық. Осыған сәйкес, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар беріп, бірқатар игі бастамаларды қолға алған болатынбыз. Бүгінгі таңда қала мен ауылдарда атқарылып жатқан дәл осы жұмыстардың аяқ алысын байқау мақсатында біршама нысандарды араладық. Сондай-ақ, білім ошақтары мен тұрғын үйлерлің жылыту маусымына дайындығын да көзбен көріп қайттық.

Ең алдымен өңірімізде балық шаруашылығын қолға алып, тың бастаманы жүзеге асырып жатқан “Қондыбай” шаруашылығының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, қожалық жетекшісінің өтініш-тілектеріне құлақ түрдік. Сонымен бірге, аудан орталығындағы кәріз шұңқырын көзбен көріп, су жүйелері және су шығару ғимаратының құрылысымен де таныстық. Айта кету керек, үстіміздегі жылы аудан орталығында да бірқатар жобалар жүзеге асуда. Олардың қатарында Төле би ауылы Балуан Шолақ көшесінің бойындағы 14 пәтерлік жатақхана құрылысы да бар. Аталған нысанның құрылысымен танысып, мердігерге құрылыстың сапасы мен мерзіміне байланысты нақты тапсырмалар берілді. Аудан орталығында орналасқан Аша мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайы мен Балуан Шолақ көшесінің ауыз сумен қамтылмаған аумағын да аралап көрдік.

Сонымен қатар, қаладағы қарбалас тірліктің де бел ортасынан табылып, бірнеше нысанды жеке-жеке аралап, жұмыстың сапасына көз жеткіздік. Мысалы, «Сейфулин көшесінде орналасқан №24 жатақханасын, «Қосқұдық» балабақшасын, №40 орта мектебі мен Жамбыл мектеп гимназиясын газға қосу жұмыстарын көрдік.

Тағы бір айта кететін жәйт, көктем мен күз айларындағы жауын-шашыннан Шу қаласының бірнеше аумағына, әсіресе орталық көшелерге су көп жиналып, тұрғындарға қолайсыздық тудыратын. Аталған мәселе қала тұрғындарымен өткен кездесулерде де бірнеше мәрте көтерілді. Осыған орай, биыл бұл бағыттағы жұмыстарды бір жақты шешу мақсатында көше бойларына арнайы лотоктар орнатылуда. Осы жұмыстардың да сапасын көзбен көріп, жауапты мердігермен тілдестік.

Одан бөлек, Шу қаласы көшелеріндегі жөндеу жұмыстарымен, Абылайхан, Сәтбаев көшелерінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарымен, Жаңа жол ауылына кіреберіс 6,5 шқ жолды жөндеу жұмыстарымен таныстық. Сондай-ақ, “Тасөткел”су қоймасы бөгетінің сейсмикалық тұрақтылығын жоғарылату бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс-жөндеу жұмыстарын да көзбен көріп қайттық. Ағымдағы жылы пайдалануға берілетін Д.Қонаев ауылындағы спорт кешенінің құрылысына да арнайы ат басын бұрып, жұмыстың сапасына мән беру керектігін жеткіздік.

 

Бақытжан Жәнібеков Шу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.