Несібесін қара жерден іздеген шаруаның Арқаның алты ай қысынан ұзақ мерзімді демалыстан кейін көктемгі дала жұмысына дайындалатын уақыты келді. «Көктемнің әр күні жылға азық» деп, диқандар дәнін дайындап, жерін жыртып, дала дүбірін қыздыра түседі. Жауапты науқанның алдында облыс диқаншыларының жайы қалай?
Қаһарлы қыс қыр асып, қарбаласқа толы көктемнің бел ортасына келдік. Қым-қуыт күйбең тірлікке толы мезгілде дала төсі де еңбек дүбіріне айналады. Бұл диқандар үшін қайнаған еңбектің қызатын шағы. Бүгінде аймақтағы агроқұрылымдар көктемгі дала жұмыстарына белсене кірісіп кеткен. Бұл қатарда Сарысу ауданының диқандары да бар.
Жуырда аудан шаруаларының жағдайын білмек мақсатта аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов және аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов шаруашылықтарда болып, көктемгі дала жұмыстарының барысын бақылап шықты. Шаруашылық иелерімен кездесті. Егін егумен айналысып жатқан шаруа қожалық мүшелерімен сөйлесіп, қандай қажеттіліктер, нендей қиыншылықтар бар екенін, жанар-жағар маймен қамтамасыз етілу барысын сұрады. Техникалардың жағдайын көріп, дайындық барысына қанықты.