Көкек айы неге «сәуір» деп аталды?

482

Сәуір сөзі – араб тілінен енген. «Өгіз» деген мағынаны білдіреді. Жұлдыз тізбегі бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» тобына кіреді.

«Сәуір атауы бізге 90 жылдары ресми баспасөзде қолданысқа енген, кейін бүкіл қазақ елі көкекті осылай атап кеткен», – дейді зерттеушілер. Ол жайында нақты факт, деректер де көп.

Бұл айдың бағзыдан келе жатқан нақты аты – көкек. Айдың «көкек» деп аталу себебі – көктемнің бір белгісі ретінде көкек құсының шақыратын уақытымен байланысты. Көшпелі түріктер бұл айдағы құс үні мен жұлдыздар өзгерісі, аспан әлпеті, жер жағдайы, Тәңір тәпсірі, өткен заман түйткіліне қарап алдағы жазды, күзді қысты болжады.

Жұлдыз жүзінен сыр іздеп, жорық дабылын қаққан немесе жорық туын түсірген…

Түрік қағанаты дәуірінде ай аттары «Бірінші, екінші, үшінші ай…» деп он екі айды санмен де таңбалады. Атақты Күлтегіннің көк тасында: «Алтыншы айдың жиырма екісінде, сақалбаяннан сал жасап, Селенгіден көш өткіздік…» деген тіркес бар.

Ислам діні келген соң «Сәуір амалы» деген түсінік пайда бола бастады. «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген сияқты жаңа мақалдар шықты.

Амал түрлері көп, Отамалы, Бесқонақ, Сарыатан-Зәуза, Сәуір амалы, Құралайдың салқыны… амалдар тізбегі осылай кете береді.

Ақсақалдар «Сәуір амалы» өтпей тұріп, сәурік айғырларды (3-4 жасар айғыр) пішуге тыйым салады. Ауа райы кенет бұзылса, суықтан ені ісіп өледі.

«Сәуір болмай, сайран болмас,

Сайран болмай, айран болмас.

Сәуір болса күн күркірер,

Күнмен бірге көк дүркірер», – дейді атам қазақ.

Көкек айы құтымен, мамыр айы маңғаз, майлы ырысымен келсін!

Жазба авторы: Ұларбек Дәлейұлы 

https://turkystan.kz/article/218676-kokek-ayy-nege-seuir-dep-ataldy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.