Қоғамдық кеңес мүшелігіне қарапайым азаматтар көптеп тартылды

270

Өңірдегі «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасының орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу үшін құрылған қоғамдық қоғамдық кеңестердің құрамы негізінен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және азаматтық қоғам белсенділерінен жасақталды. Қоғамдық кеңестердің қызметіндегі жариялылықты, ашықтықты қамтамасыз ету үшін олардың мүшелігіне әлеуметтік желінің белсенді қолданушылар мен БАҚ өкілдері де тартылды. Бұл туралы  облыс әкімі, «Nur Otan»  партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың қатысумен өткен Саяси кеңесі Бюросының отырысында партия облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов мәлімдеді.

Дауыл Ынтықбайұлының айтуынша өңірдегі партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасының басымдықтарының өз деңгейінде жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу үшін жаңадан 10 қоғамдық кеңес құрылған. Бұл кеңестер өз жұмысында жекелеген салалар бойынша қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру, оларға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар береді.

– Аталған кеңестерге барлығы 127 адам мүшелікке өткен. Кеңес мүшелерінің сандық-сапалық құрамына тоқталатын болсақ, олардың 39 пайызы әйелдер болса, 21 пайызы 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады.

Кеңестерді жасақтауда олардың мүшелігіне көптеп тартуға мән берілді. Бұл санаттағы тұлғалардың үлесі 26 пайызға тең. Қоғамдық кеңестердің мүшелігіне азаматтық қоғам өкілдерін көптеп тарту принципін қоғамдық кеңестердің, партияның жұмысындағы жариялылықты қамтамасыз етудің алғышарты деп тануымыз қажет. Мұнан бөлек кеңестердің құрамында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өндіріс саласы өкілдерінің де үлесі басым.

Сонымен қатар кеңеске партияішілік праймериздің 19 қатысушысы және партия резерінен 11 адам мүшелікке өтті. Кеңес құрамдарын партияның облыстық мәслихаттағы депуттық фракция мүшелері  де толықтырды, – деді партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д. Бейсенқұлов.

Жиында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы партияның сайлауалды бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.

– 7 негізгі басымдықтан тұратын өңірлік сайлауалды бағдарламаларды іске асырудың Жол картасын орындау әрқашан облыс әкімдігінің басты назарында. Бағдарлама жүктеген маңызды міндеттерді жүзеге асыруға менің орынбасарым Талғат Мамаев жетекшілік ететін жұмысшы топ жауапты. Бұл топқа жергілікті атқарушы органдардың басшылары, аудан және Тараз қаласының әкімдері мүшелікке өткен. Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысы апта сайын арнайы кеңесте қаралып, ондағы өзекті мәселелерге назар аударылады. Ендігі кезекте осы жұмыстарға қоғамдық бақылау жүргізу үшін партия облыстық филиалы жанынан қоғамдық кеңестер өз жұмысын бастағалы тұр, – деді Бердібек Машбекұлы.

Жиынды қорытындылаған «Nur Otan»  партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев жаңадан құрылған қоғамдық кеңестерден жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіру бағытында және болашақ сайлауалды бағдарламаны түзуге қатысты ұсыныстар күтетінін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.