Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен қала әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Жиында қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Данияр Әзімов шаһардағы криминогендік жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
– 2024 жылдың 11 айында, сыртқы полициясы қызметкерлерімен қоғамдық орындарда және көшелерде, құқық бұзушылықтарды болдырмауға, қалада жедел жағдайды жақсарту мақсатында, халық арасында жүргізілетін профилактикалық іс-шараларға баса назар аударылды. Осы мақсатта қаладағы криминогендік жағдайға күнделікті талдау жасай отырып, оның нәтижелері бойынша криминогендік аумақтарда нарядтардың, оның ішінде жаяу полиция нарядтары 10-нан 53 дейін ұлғайтылды. Кешенді шаралардың нәтижесінде шаһар бойынша жалпы тіркелген әкімшілік құқықбұзушылық биыл 16,5, қоғамдық орындарда жасалынған қылмыстар саны 13,1, көшелердегі қылмыс 10,8 және кәмелетке толмағандармен жасалынған қылмыс 12,8 пайызға азайды, – деген Данияр Желеубайұлы осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай да өз жалғасын табатынын жеткізді.
Бұдан кейін қала әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаева сотталғандарды жұмыспен қамту және оларды оңалту мен әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды. Оның айтуы бойынша ҚАЖД түзеу мекемелерінен және пробация қызметінен «Мансап орталығына» 113 азамат жұмыс іздеу мақсатымен қайырылып, жұмыспен қамту шараларына тартылған. Сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларды жұмысқа орналастыру үшін Тараз қаласында белсенді 14 мекемемен 17 жұмыс орнына келісім жасалып, квота белгіленіп, бүгінде сол квотамен 18 азамат екі қолға бір күрек тапқан.
Сонымен қатар жиын барысында Тараз қалалық Жастар ресурстык орталығының директоры Абзал Есіркепов пен қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің бастығы Әділ Жолсейіт нашақорлық пен есірткіге қарсы күрес бойынша атқарылған ілкімді істерді тілге тиек етті.
Қала әкімі өз кезегінде қоғам қауіпсіздігі үнемі жіті назарда болуы керектігін баса айтты.
– Әрине, қылмыстың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Дегенмен, кемшіліктер де аз емес. Әсіресе, түнгі уақытта жұмыс істейтін кафе, бар секілді ойын-сауық орындарына уәкілетті органдар тарапынан бақылау әлсіз. Салдарынан аталған нысандарда түрлі қылмыстар тіркелуде. Сондықтан олардың қожайындарына жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда заң шеңберінде шара қолданылуы қажет.
Тағы бір мәселе жазасын өтеген азаматтарды жұмыспен қамту бойынша квота санын едәуір ұлғайту керек. Бұл олардың қоғамға бейімделуіне серпін береді. Келер жылдан бастап қала аумағына 14 елді мекен мен 2 саяжай қосылып, шаһар тұрғындарының саны артады. Бұл жауапкершілікті одан сайын арттырып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтетіні сөзсіз. Сондықтан қоғамның қауіпсіздігі қағаз бетіндегі құр сандармен ғана өлшенбей, қолға алынған жұмыстардың нәтижесі күнделікті өмірде айқын көрініс табуы қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.