ҚХЛ: «Барыс» «Северстальден» басым түсті

704

Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Череповецтің «Северсталь» командасымен өткізіп, 5:3 есебімен басым түсті.

«Северсталь» құрлықтық хоккей лигасындағы ортанқол команданың бірі саналады. Турнир кестесінде биыл көш соңында келе жатқаны соны аңғартады. «Барыстың» бүгінгі кездесуде олардан жақсы ойнағаны көзге көрініп тұрды.

Алғашқы шайба 6-минутта соғылды. «Барыс» кезекті шабуылында оны голмен түйіндеді. Командалас әріптестері Даррен Диц пен Никита Михайлистің шығарып берген пасын Мэттью Фрэттин голға айналдырып кетті. Бұдан кейін де біздің команданың есепті ұлғайтатын мүмкіндігі болған еді. Оның бірінде астаналық хоккейшілер мүлт кетсе, ендігі бірінде қарсыластары әбжілдік танытты. Десе де, айдын иелері де қарсы шабуыл ұйымдастырды. Сондай сәттердің бірінде Игорь Гераскин мен Даниил Вовченко ұйымдастырған шабуылды Юрий Трубачев түйіндеді. Есеп 1:1. Бірінші кезеңде қос команда тең нәтижеге қанағат білдіріп тарасты.

Екінші кезең басталғаннан кейін де «Барыс» қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Толассыз шабуылға шықты. Көп сәтте «Северсталь» қақпашысы Доминик Фурх өзіне бағытталған шайбаларға тосқауыл бола білді. Осындай сәттің бірінде «Барыс» хоккейшісі Антон Сагадеев онымен бетпе-бет шықты. Мұндай мүмкіндікті астаналық хоккейші өз ыңғайына пайдаланды. Осылайша бүгінгі кездесуде «Барыс» командасы екінші мәрте алға шықты. Одан кейін 33-минутта Никита Михайлис есепті ұлғайта түсті. Ал 35-минутта Даррен Дицтің де қанжығасы майланды. Есеп 4:1. Екінші кезең «Барыстың» басымдығымен аяқталды.

Үшінші кезеңде айдын иелері басымдығын көрсете бастады. Алдымен Матей Странски 42-минутта бір шайба енгізсе, 45-минутта Руслан Карлин есеп айырмасын қысқартты. Соңғы бір минутта «Северсталь» қақпашыны ойыншыға алмастырды. Қақпаның бос қалғанын көрген Мэттью Фрэттин шайбаны оған дәл көздеді. Бұл шайба ойын тағдырын шешті. «Барыс» «Северстальден» 5:3 есебімен басым түсті.

«Барыс» өз айдынында өткізген үш кездесуінің барлығында қарсыласына есе жіберіп қойды. Алдымен 14 қарашада Хабаровскінің «Амурынан» негізгі кезеңде,  Мәскеудің «Динамосынан» овертаймда 2:3, сондай-ақ Уфаның «Салават Юлаевынан» 0:3 есебімен  жеңіліп қалды.

Бұдан кейін сырт айдында Хельсинкидің «Йокеритін» буллитте 2:1 есебімен тізе бүктірді. Осының нәтижесінде «Барыс» үш ойындың жеңіліс сериясын тоқтатты. Дегенмен келесі кездесуінде Ярославльдің «Локомотивінен» 3:5 есебімен жеңіліп қалды.

Енді «Барыс»  елордада қатарынан үш команданы қабылдайды. Алдымен 1 желтоқсанда Екатеринбургтің «Автомобилист» айдынға шықса, одан кейін 3 желтоқсанда Магнитогорскінің «Металлург», 6 желтоқсанда Челябінің «Трактор» командаларымен шеберлік байқасады.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.