ХИМИКТЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

141
Бүгінгі таңда елімізде өнеркәсіпті дамыту, өнім сапасын арттыру, қазіргі заман талабына сай өндіріске жаңа технологияларды енгізуге, өндіріс орындарын ашуға баса назар аударылып келеді.
Бұл бағытта химия өнеркәсібі саласы қызметкерлерінің алар орны ерекше.
Аудан өнеркәсібінің негізін «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы құрайды. Бұл химия саласының алыптары ауданда ғана емес, облыста тау-кен өңдеу саласының дамуын қамтамасыз етіп отыр.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Казфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Химия өнеркәсібі қызметкерлерінің күні аталып өтті.
Аталған шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
— Қарт Қаратаудың жер қойнауы фосфорлы байлығымен танымал. Қаратау қойнауын бойлап жатқан кен орындарын игеруде және ауданымыздың дамуында «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің алар орны бөлек. Кәсіпорынның өнім өндіру көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Аудан орталығы Жаңатас қаласының даму тарихы да кеншілер тарихымен, осы кәсіпорынмен тығыз байланыста. Сіздердің еңбектеріңіз біз үшін құрметті. Сіздердің жігерлеріңіз бен ізгі ниеттеріңіз ауданның бұдан әрі қарқынды дамуына оң ықпалын тигізе беретіндігіне сенеміз, — деген Сәкен Үмбетұлы кеншілер қаумының дендеріне саулық, отбастарына амандық, еңбектеріне табыс тілеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан бір топ азаматтарды аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Бұдан кейін «Қазфосфат» ЖШС-і бас директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ерсін Сариев, Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Серік Тұрысбеков, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені кәсіподақ ұйымының төрағасы Ізбасар Абилғазиев және «Аманат» партиясының Талас, Сарысу аудандық филиалдарының төрағалары кәсіби мереке иелерін құттықтап, еңбекте үздік жетістіктерге жетіп жүрген кеншілерді салалық төс белгілермен, Жамбыл облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары, өзге де салалық марапаттар, қаржылай сыйлықтар және «Аманат» партиясы аудандық филиалдарының Алғыс хаттары мен заттай сыйлықтармен марапаттады.
Сонымен қатар, кәсіпорын басшылығының ұйымдастыруымен кәсіби мереке қарсаңында кешен қызметкерлері арасында спорт түрлерінен өткен жарыста жеңімпаз атанып, жүлделі орындардан көрінген командалар сахна төрінде марапатталды. Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің және эстрада жұлдыздарының қатысумен концерттік бағдарламаға ұласты.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.