Хас батырлықтың үлгісіне айналған Байзақ баба

458

Жамбыл облысының бұ­рын­ғы Свердловск ауданы бү­­гінде Байзақ батыр атымен ата­лады. Байзақ Мәмбетұлы – елі­міздің оңтүстік өңірінде Қоқан хан­дығына және Ресей импе­рия­сына қарсы ұлт-азаттық көте­рі­лісті ұйымдастырушы батыр ретінде тарихтан белгілі.  Ақы­ры ол Қоқан ханы Әлім­құл­дың бұйрығымен зеңбірек аузына байланып атылады. Ал батыр­дың шашылып кеткен дене­сінен қалған екі саусағы Талас өзенінің бойындағы Са­рыкемер ауылының маңына жерленеді. Бұл күнде батыр кесенесі Әулиеата өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің бірінен саналады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы 100 нысанының тізіміне аудан орталығы Сарыкемер ауылы маңындағы «Байзақ баба» кесенесі енгізілген болатын. Аталған кесене «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойында орналасқан. Енді тарихи нысан айналасы көріктендіріліп, абаттандырылатын болса, бұл болашақта туристердің келіп тамашалайтын қасиетті орнына айналатын болады.

Жыл сайын кесенеге мектеп оқушылары мен аудан жастары келеді. Сонымен қатар мұнда ту­ристердің экскурсия­ларын ұйым­­дастыру, аудан көлеміндегі тарихи орындардың стенділерін және киелі жерлердің макеттерін дайындап, кесене маңына орналастыру, сондай-ақ түрлі қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастыру жоспарлануда. Ал бүгінгі таңда кәсіпкерлердің демеушілігімен «Байзақ баба» кесенесіне баратын жол салынып, су тартылып, көгалдандыру жұмысы қолға алынып, маңы­на кеспе тастар төселген. Сонымен қатар кесене маңын жа­рық­­­тандыру және айналасын қоршау жұмыстары жүргізілді. Келе­шекте бұл орын Әулиеата өңіріндегі Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері секілді тарихи нысанға айналып жатса, өңір тарихына да тың беттер қосылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.