Кездесу Суармалы судан тарықпау үшін

89
Қазіргі таңда аудан шаруаларының суармалы судан тарығып, алқаптар қурап, шығынның шеті көріне бастағаны нәсібін жерден терген жандар үшін ауыр соққы болуда. Бүгін аудан әкімімен шарулара арасында тағы да кездесу өтті. Күн тәртібінде бір ғана сұрақ – андызға айналған алқаптарға қалайда су жеткізу.
Аудан басшысы Бегзат Болатбеков алғашқы сөзін Үкімет отырысында біздің аймағымызда болып отырған мәселе қаралғаны туралы айтып, Қырғыз мемлекетімен еліміз арасында келіссөздер жүргізіліп жатқанын, алайда көрші елдегі «Тоқтоғұл» су қоймасында су мөлшерінің өте аз екені айтылғанын жеткізді. Биыл таулы аймақтарда күн райы салқын болып, мұздақтар да қажетті көлемде ерімеген. Осылардың барлығы айналып келгенде шаруалардың шымбайына тым батып отыр.
Жиында ары қарай нестейміз? Бұл проблемадан шығар жол қайда?, — деген сұрақтар көтерілді.
-Өткен жолы кездескенімізде суды шалғайдағы Сарыбұлақ пен Қайнарға жеткізу үшін арнайы кесте бекітіп, сол кесте арқылы суаруды ұсынған едік. Каналдарға қойлыған насостар да келісім бойынша өшірілуі тиіс еді. Алайда, сол жерделі уәде орындалмады. Диқандардың өзі суды бұрып алып қойып жатыр. Уақытынан бұрын, — деген Бегзат Болатбеков бүгін ауданға қосымша тағы да 3 куб су келетін айтып, тағы да кесте жасап, сол кесте арқылы жұмысты жалғастыру қажеттігін алға тартты. Шаруа қожалық өкілдері болса өз тараптарынан бірқатар ұсыныстарын ортаға салып, солар бойынша да аудан басшысы нақты жауаптар берді.
Сөздің түйіні кестеге сай, тәртіп бұзбай, ретімен, кезектеп су алатын болса қазір келіп жатқан суды да үнеммен жеткізуге болады. Ал, бүгіннен бастап аудан әкімдігі жауапты мамандармен бірлесе жаңа түзілген кестенің қатаң сақталуын қадағалайтын болады.
Ал, күзгі жиын терім аяқталған соң, кейбір дақылдарды суды аз тұтынатындарға ауыстыру немесе қысқарту бойынша да шаруалармен ақылдаса отырып жаңа жылға жоспар жасалмақ. Ол енді келер жылдың еншісіне.

Leave A Reply

Your email address will not be published.