Жамбыл облысындағы дзюдоның дамуы бойынша кеңейтілген отырыс өтті.
Кеңейтілген жиынға арнайы қатысып, өңіріміздегі дзюдо спортының даму қарқыны, спортшылардың дайындығы, бапкерлер жұмысы, алдағы жоспарлар мен салаға қатысты өзгеде мәселелерді талқыладық.
Басқосуда Жамбыл облысы дзюдо федерациясының президенті қызметіне белгілі кәсіпкер Мейірбек Амансарыұлы Жүнісов тағайындалды.
Мейірбек Амансарыұлы — өңіріміздің іскер азаматтарының бірі. Ол ұзақ жылдар бойы бизнес саласында табысты еңбек етіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді.
Сонымен қатар басқосуға дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Бақтыбайұлы Сметов қатысып, өзінің пікірін ортаға салды.
Қазіргі таңда облысымызда дзюдо спорт түрімен 3 357 спортшы айналысып, оларға 126 жаттықтырушы тәлім беруде. Соның ішінде ауылдық жерлерде 2 319 спортшы мен 73 жаттықтырушы еңбек етуде.
Бүгінгі таңда облыс құрамасында 165, ал 39 спортшымыз Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына енген.
2024 және 2025 жылдардағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, дзюдошыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарда 84 медаль иеленген. Жуырда өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 4 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алып, облыстық команда жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Олипиада чемпионы шыққан өңіріміздің дзюдо спорт түрі әліде талай чемпиондарды шығарады деген үмітіміз бар.
Бұл бағытта мемлекет тарапынан да үнемі қолдау көрсетілетін болады.