Кеңесте медициналық нысандардың құрылысы қаралды

244

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті.

Партия Байзақ аудандық филиалында ұйымдастырылған шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі және облыс әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай қатысты.

Кеңес отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 30 жаңа медициналық нысандарын ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселе қарады. Ол бойынша алдымен кеңес төрағасы Махметғали Сарыбеков құрылыс жұмыстарының жәй-күйін анықтау мақсатында жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін жеткізді. Атап айтқанда, облыс бойынша 2023 жылы 10 нысанның құрылыс жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 8-нің құрылысы аяқталып, тек 4 нысан қолданысқа берілген. Қалған 4 нысанның құжаттары мерзіміне сай дайындалмаған.

Келесі кезекте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 30 жаңа медициналық нысандарын ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың есебін берді. Оның айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. 2023 жылы құны 1,6 млрд. теңгеге 10 нысанның құрылысы аяқталса, биыл 20 нысан бой көтермек.

Өз кезегінде, облыс әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай да берілген нысандардың сапасы жақсы деген бағасын берді. Дегенмен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова ел игілігіне беріліп жатқан нысандардың 80-90 пайызының сапасы сын көтермейтінін ашып айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.