Кеңес мүшелері мәдениет үйлерінен кемшіліктер анықтады

282

«Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы Меркі ауданында өтті. Кезекті отырыс өтпестен бұрын қоғамдық кеңес мүшелері ауылдық округтердегі мәдениет үйлеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді. Топ алдымен Ақтоған ауылдық ауылдық округінің мәдениет үйіне бас сұқты. Үш мыңнан аса халқы бар ауылдың мәдениет үйінен бірқатар кемшіліктерді анықтады. Атап айтқанда, мәдени-көпшілік іс-шара өткізу жоспары 2021-2022 жылдарға мүлде жасалмаған. Сондай-ақ мәдениет үйінің кейбір бөлмелерінің тозығы жетіп, сылақтары түскен.
Келесі кезекте кеңес мүшелері 13 мыңнан аса халқы бар Сармолдаев ауылдық округіне барды. Осы уақытқа дейін аталған ауылда мәдениет үйі бой көтермеген. Дегенмен 2020 жылы мәдениет үйін салу үшін ыңғайлы ғимарат тапқан. Ол ғимарат жарамсыз болуына байланысты 2020 жылы сүрілуі тиіс болғанымен әлі күнге сол қалпында тұр. Өз кезегінде кеңес мүшелері аталған нысанның өндіріс ошақтарына тым жақын орналасқанын алға тартып, мәдениет ошағын басқа жерден салу туралы ұсыныс берді.
Сонымен қатар «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшелері Ақарал ауылдық округіндегі мәдениет үйінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен де танысты. Айта кетерлігі, ол нысанда ауылдың әкімшілігі мен кітапхана да қатар орналасқан. Сондай-ақ ауыл мектебінің ағымдағы жөндеу жұмыстары уақытынан кеш басталуына байланысты білім ошағы мәдениет үйіне көшіріліпті. Нақтырақ айтқанда, мектептің әкімшілігі мәдениет үйінің концерт залына, ал сынып кабинеттері мәдениет ошағының бөлмелері мен фойесіне орналасқан. Бұл мәселе кеңес мүшелерінің сын тезіне ілінді. Дейтұрғанмен жауапты мамандар мектеп құрылысы қараша айына дейін аяқталатынын айтып сендірді.
«Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің қорытынды жиыны аудандағы кітапхана мәжіліс залында өтті. Онда Меркі және Қордай ауданы әкімдерінің жауапты орынбасарлары есеп берді. Сондай-ақ оларға кеңес мүшелері бірқатар кемшіліктердің барын жеткізіп, ұсыныстар жолдады. Атап айтқанда, жастарға қатысты мәдени-көпшілік іс-шаралар легін көбейту. Яғни, жастар арасындағы мүшәйра, айтыс, ән байқауларын көптеп ұйымдастыру тапсырылды. Бұдан өзге мәдениет үйлеріндегі кадрлық мәселені оңтайлы шешу де сөз болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.