Фото: Ашық дереккөзден/ Медет Жамашев
Бақытхан Бәкірбаевтың төрағалығымен Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында сотталушылардан жауап алу жалғасуда.
Естеріңізге сала кетейік, ағайынды Жасұлан мен Ернар Кемебаевтар, Ержан Қасымбаев, Айбек Өтепов пен таратылған қаржы полициясы агенттігінің бұрынғы қызметкері Талғат Махатовтың үстінен «адам өлтіру” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бүгінде Махатов тапсырыспен кісі өлтіру бойынша ғана емес, қанды Қаңтар оқиғасы бойынша және аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша басты айыпталушылардың бірі.
Айыпталушы Ержан Қасымбаевтың айтуынша, 2012 жылдың сәуір айының ортасында Бетон, Айбек (лақап аттары) және ағайынды Кемебаевтар көлік жуу орнында кездескен. Сөз арасында Өтепов бір адамға көмектесу керек екенін, көмектесу үшін оның кеденде жұмыс істейтін қарсыласын соққыға жығу қажеттігін айтқан.
«Мамыр айының ортасында Айбек екеуміз Медеттің үйіне бардық. Оның жанында достары болғандықтан, біз оны ұра алмадық. Махатовтың алғашқы берген бұйрығы бойынша біз Медетті соққыға жығуымыз керек еді», – деді Қасымбаев.
23 мамырда күдіктілер Кемебаевтың мектеп бітіруіне 20 жыл толғанын тойлау үшін Алматы облысы Нарынқол ауылына барады. Бір аптадай ауылда болып, Алматыға қайтады. Ернармен кездескен Айбек Ержанға келіп, агент Санычтың кезекті бұйрығын жеткізеді. Ол Жамашевті жансақтау бөліміне түсетіндей етіп соққыға жығу керек деп бұйырған.
Түнде Қасымбаев пен Өтепов Медет тұратын үйге қайта келеді. Агент Саныч Ернар арқылы жігіттердің әрекетін үйлестірген. Махатов егжей-тегжейлі мәліметпен бөлісіп отыру үшін алдын ала бейтаныс адамдарға тіркелген үш ұялы телефон сатып алады.
«Мамыр айында Медетті ұрып кетеміз деп жүргенде, гараждардың маңында жатқан арматураны алып, Жамашев тұраққа кіріп, BMW көлігінен түскен кезде мен оның басынан бір қойдым. Қашып бара жатып, арматураны лақтырып жібердім. Айбек оны алып, көрші көпқабатты үйдің су төгетін құбырына лақтырып жіберген», – деді сотталушы Ержан Қасымбаев.
Жасаған қылмыстарынан кейін олар Дубайға демалысқа ұшып кеткен. Махатов жігіттердің артынан Дубайға барып, Медеттің көз жұмғанын айтқан. Бірақ ол жігіттерді алаңдауға негіз жоқ, «қаржы полициясындағы ағаларым көмектеседі” деп сендіреді.
Махатов Қасымбаевқа «Қорғас» кеден бекетіне жұмысқа орналастырамын деп уәде берген. Расында да, қаржы полициясы қызметкерінің қолдауымен Ержан бірнеше жыл бойы Қытайдың халық тұтынатын тауарларын сатып алу-сатумен айналысқан. Ал 2017 жылдың жазында Жамашевты өлтірді деген күдікпен қамауға алынған.
«2017 жылдың жазында мен адам өлімі бойынша түсініктеме бердім. Махатов адвокаттарымызды толық төлеп берді. Бір күні менің қорғаушым айғақтарды Талғаттың пайдасына өзгерту керек екенін айтты. Жасұлан екеуі де кісі өлтіруге қатысы бар деген күдікке ілінген еді. Айбек екеумізді қыспаққа ала бастады”, – дейді айыпталушы Қасымбаев.
Оның айтуынша, Талғат Махатов адвокаттар арқылы сотталушыларға сәлемін жеткізіп, ағасы Қайрат Қожамжаровтың еліміздің бас прокуроры екенін айтқан.
«Медетті өлтіру ойымда да болған жоқ. Мен Жамашевты мүлде танымайтын едім. Біздің соттан кейін Талғат жауапкершіліктен құтылып кетті. 2022 жылдың мамыр айында мен отбасыммен кездесуде болдым. Маған Махатовтың ірі алаяқтық үшін қамауға алынғанын айтты. Содан кейін оны Қаңтар оқиғаларына қатысты деп айыптады. Айбекпен ақылдасып, бас прокурордың атына арыз жаздық. Полиция қызметкерлері келді, біз оларға осы кісі өлтіру оқиғасы туралы бар шындықты айтып бердік. Махатов мені және Айбекті өзінің жеке мақсатына пайдаланды деп есептеймін», – деді Қасымбаев.
https://stan.kz/keden-kizmetkeri-zhamashevtin-olimi-kudiktiler-tapsiris-403632/