«Қазгидромет» РМК ақпан айына арналған ауа райы болжамын жариялады.

125

Ақпанның бірінші онкүндігінде республиканың оңтүстік жартысында жылы және жауын-шашынды ауа райы күтіледі.

«Оңтүстік циклондардың жиі шығуы қарқынды жауын-шашынның түсуіне әкеледі, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Ауа температурасы түнде -2+5°С-қа дейін, күндіз +5+12°С-қа дейін жоғарылайды.

Онкүндіктің соңында қайтадан түнде -3-15°С-қа дейін, күндіз 0,+8°С-қа дейін салқындайды. Еліміздің батыс аймақтарына Солтүстік-батыс циклонына байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді, бірінші онкүндікте батыс аймақтарда ауа райының тұрақсыз сипаты, жаңбыр мен жылбысқы қар түріндегі аралас жауын-шашын мен екпінді жел күтіледі. Ауа температурасының күндізгі фоны -3+5°С шегінде болжанады.

ҚР қалған аймақтарында бірінші онкүндіктің бірінші жартысында Сібір антициклонының әсерімен аязды, негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Кезеңнің екінші жартысында Сібір антициклоны әлсірейді, Жерорта теңізі аудандарынан циклон республиканың солтүстік-батысына қарай жылжиды, еліміздің солтүстік жартысында атмосфералық фронттардың күшеюімен қар жауып, бұрқасын соғады, желдің күшеюі 15-25 м/с-ке дейін болжанады» делінген синоптиктер болжамында.

Ауа температурасы жоғарылайды:

  • еліміздің солтүстігінде түнде -20-28°С-тан -15-20°С-қа дейін, күндіз -8-18°С-тан -5-10°С-қа дейін;
  • орталық аймақтарда ауа температурасы түнде -13-28°С-тан -7-15°С-қа дейін, күндіз -7-12°С-тан -1-7°С-қа дейін ауытқиды;
  • еліміздің шығысында ауа температурасының басым фоны түнде -15-28°С, күндіз -5-15°С шамасында болжанады.

«Ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының басым бөлігінде, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының қиыр оңтүстігінде, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының оңтүстік жартысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде.

Осы жылдың ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Қызылорда, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан көп болады деп болжануда.

Ақпанның екінші және үшінші онкүндіктерінде республика бойынша ауа райының тұрақсыз сипаты болжанады: еліміздің басым бөлігінде негізінен қармен бұрқасын, ҚР оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман, көктайғақ күтіледі», – деп хабарлайды «Қазгидромет».

Ауа температурасының ауытқуы күтілуде:

  • еліміздің батыс өңірлерінде түнде -15-25°С-тан -7-15°С-қа дейін, күндіз -5-10°С-тан -5+5°С-қа дейін;
  • республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнде -20-30°С-тан -10-15°С-қа дейін, күндіз -10-15°С-тан -2-7°С-қа дейін;
  • ҚР оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде -10-18°С-тан 0,-5°С-қа дейін, күндіз 0,-5°С-тан +3+10°С-қа дейін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.