«Казфосфат» ЖШС-де ірі көлемде отын ұрлау фактісі әшкереленді

72

2023 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында Жамбыл облысының Полиция департаменті Жаңатас қаласындағы ірі кәсіпорындарда бір топ азаматтардың дизель отынын ұрлау фактісін анықтау мақсатында жедел іс-шара жүргізді.
Аталған шара аясында осы жылдың 26 қыркүйегінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Т. есімді азаматты тұрғылықты жерінде тінту кезінде ұстады. Нәтижесінде күдіктінің үйінен: көлемі 10 тонна дизельдік отын, жанар-жағармай айдауға арналған құрал-жабдықтар, 12 калибрлі кесілген шолақ мылтық тәркіленді.
Анықталған фактілер бойынша күдікті кінәсін мойындады. Оның айтқан айғақтарының негізінде ұйымдасқан қылмысқа «Казфосфат» зауытының тағы үш қызметкері: БелАЗ автокөлігінің екі жүргізушісі мен бульдозер жүргізушісі тікелей қатысы бар болып шықты. Қазіргі таңда олар да анықталып, қамауға алынды.
Сыртқы аудит есебіне сәйкес, 2023 жылғы қаңтар-мамыр кезеңінде «Қазфосфат» компаниясына жанар-жағармай тапшылығынан келтірілген залалдың жалпы сомасы 84,3 млн теңгені құрады.
Сонымен қатар, белгілі болғандай, жоғарыда аталған тұлғалар бұрын да бірнеше рет кәсіпорындағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан. Олар жанар-жағармайды кедергісіз ұрлау мақсатында ұжымды жаппай наразылықтарға шығаруға, өндірістік процестерді тоқтатуға ыңғай жасап, басшылық қызметтерге өз кандидаттарын тағайындауды талап еткен.
Енді сол тергеулерден шығып, қайтадан кәсіпорында қызмет ететін 70 адамды жинап, наразылық білдіру шарасын ұйымдастырған.
Жиналғандар «Қазфосфат» компаниясынан ұсталған жүргізушілерге қатысты қылмыстық істі тоқтату үшін құқық қорғау органдарына қысым көрсетуді талап етті. Бас тартқан жағдайда наразылық білдірушілер кәсіпорынның жұмысына кедергі келтіреміз – келесі күні жұмысқа шықпаймыз, наразылық акциясына көбірек жұмысшыларды тартамыз, БАҚ, түрлі органдарға хабарласамыз деп ультиматум қойды.
Осыған байланысты компания басшылығының нақты ұстанымы бар екенін хабарлаймыз. Ол — тергеуге әсер ету әрекеттері заңсыз және де компания басшылығы ұрлықты тоқтату үшін құқық қорғау органдарына барынша көмек көрсетпек.
«Казфосфат» кәсіпорны басшыларының айтуынша, бұл жағдайды құзырлы органдар ерекше бақылауға алуы керек. Себебі ұрлыққа қатысы барлар кәсіпорынның өндірістік қызметіне нұқсан келтіріп қана қоймай, Жаңатас қаласы мен жалпы облыстағы әлеуметтік жағдайдың ушығуына ықпал етуде.
Сонымен бірге, «Касфосфат» БАҚ өкілдерін расталмаған ақпараттарды, болжамдар мен шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға, ресми дереккөздердің деректерін пайдалануға шақырады.

«Казфосфат» баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.