Қазақстандағы киелі 5 мекен

159

Аңызға бай қазақтың жерінде киелі мекендер өте көп. Олар жеткілікті дәрежеде зерттеліп, дәріптелмегендіктен, көбісінен халқымыз бейхабар. Осы ретте еліміздегі ең киелі деген 5 мекеннің тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

Қоңыр әулие үңгірі

Шығыс қазақстан облысы Абай ауданы Тоқтамыс ауылынан 20 км жердегі Ақтас тауындағы үңгір. Орташа ауа температурасы +10 °C дейін.

Тереңдігі 5 метр болатын тұщы су бар. Судың температурасы +4 °C (қысы-жазы өзгермейді). Кіреберісі өте тар. Биіктігі 3-9 метр, ал ұзындығы 115-120 метр.

Үңгір мен көл суы жергілікті тұрғындар арасында қасиетті болып саналады. Тұрғындардың аңыздары бойынша, олардың ата-бабалары мұнда шайқас кезінде жараларын сауықтырған. Сондықтан ел арасында көлдің емдік қасиеті бар және шипалы дейді. Тау етегінде бірнеше күнге қалатын адамдарға үй де бар.

Қазақстандағы киелі 5 мекен

Үкаша ата мазары және құдығы

Оңтүстік Қазақстан облысындағы киелі жерлердің бірі. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде орналасқан. Үкаша ата Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы ретінде белгілі. Тарих беттерінде мұcылмандардың әскери қолбасшысы делінген.

Мазардың биіктігі 160 – 170 см, ұзындығы 12 м-ге жуық (ұзын болуы – Үкаша атаның басын шапқанда, басы 12 метр жерге дейін домалап барған, содан кейін қаны аяқ астына жатпасын деп, қанымен бірге жерлеген).

Ал қасиетті саналатын құдық суы жер асты арқылы Меккедегі зәмзәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Оның тереңдігі 25-28 метрді құрайды. Құдық тік емес, спираль тәрізді. Біреуге бір шелек тола су шықса, енді бірінің тастаған шелегі бос шығады. Су шықса, ол адамның ырзық-несібесі мол деп саналады.

Кесене мен құдықтың екі арасы шамамен алғанда бір шақырымдай.

Қазақстандағы киелі 5 мекен

Жылаған ата үңгірі мен бұлағы

Түркістан облысы Қаратаудың етегінде орналасқан. Түркістан қаласынан 80 шақырымдай жерде. Құран оқығанда үңгірден су аға бастайды. Кейде дұға оқи бастаған соң су бірден ақса, кейде апта бойы ақпай қояды.

Үңгір аузының биіктігі 3-4 м, тереңдігі 50-60 м шамасында.

Жергілікті халықтың айтуынша, бұл – Жылаған атаның аққан көз жасы. Бұл жайында халық арасында тараған аңыз бар.

Үңгірге барар жолдың тау басында құдық орналасқан. Құдықты қазіргі уақытта да малшылар пайдаланып келеді. Оның оң жағында кішігірім кесене салынған.

Қазақстандағы киелі 5 мекен

Бектау ата тауы

Балқаш қаласының оңтүстік-шығысынан 60 км жерде. Шыңы – 1215 метр. Онда адам өміріне қауіпті шатқалдар мен терең құздар кездеседі.

Мұнда өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралған, олардың 45-і сирек кездесетін болса, 8-і «Қызыл кітапқа» енгізілген. Сонымен қатар Бектау ата тауында киелі саналатын тұщы су көзі бар «Әулие» үңгірі орналасқан. Ұзындығы – 45-48 метр.

Ертеде Бектау ата үңгірі ауруға шалдыққан адамдар, бала көтермей жүрген әйелдер басына түнеп, сыйынып, құрбандық шалатындар көп келген.

Қазақстандағы киелі 5 мекен

Таңбалы тас

Таңбалы тас Бетбақдала сахарасының ортасында, ұзыннан созылған таңбалы жартас. Сарысу өзенінен 20 шақырымдай жоғары, қызыл жыңғыл орманына қарама-қарсы, биік Нұраның іргесінде орналасқан.

Мұндағы тас өте жұмсақ болғандықтан, жазуға да сондай қолайлы. Таңбалы тас жазуында мыңнан астам таңбалар бар. Таңбалы  тастағы таңбаларды Қазақстан жерін мекендеген тайпалар жазған. Ел басқарушылардың қол қойған аттары мен ұрандары бар. Тасқа қашап түсірген әдемі оюлар, «қошқар мүйіз», «түйе табан», «кісінің ізі», «аттың ізі» және тағы да басқа таңбалар көп кездеседі.

Таңбалы тастың зор атаққа ие болу себебі бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жері. Сондықтан бұл Таңбалы тасты алғаш ашқан ғалымдар «тарихтың зор куәлігі» деп атаған.

Қазақстандағы киелі 5 мекен

https://turkystan.kz/article/225609-kazakstandagy-kieli-5-meken/

Leave A Reply

Your email address will not be published.