Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таяу болашақта көптеген кен орны сарқылуы мүмкін екенін айтты.
«Пайдалы қазбалардың көптеген түрлерінің расталған қоры бойынша еліміз әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Бұл ретте пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруге байланысты геология саласының алдында тұрған басты сын-қатері — қорлардың толықтыру деңгейінің төмендігі. Өндірудің қазіргі деңгейін алсақ, тиісті толықтырусыз көптеген игерілетін кен орындарының қоры таяу болашақта таусылады. Осыған байланысты, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру талап етіледі. Бұл – кейіннен жер қойнауын пайдалануға беру үшін перспективалы алаңдар мен объектілерді анықтаудың негізгі әдісі», – деді Экология министрі Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, 2020-2022 жылдары мемлекеттік салымдар көлемі 30 млрд теңгені құраған. Бұл ретте, соңғы жылдары мемлекеттік инвестициялардың ұлғаюы байқалуда.
«Сонымен бірге Қазақстанда геологиялық барлауға 1 шаршы километрге салынатын мемлекеттік инвестициялар көрсеткіші өте төмен. Бізде ол 11 АҚШ доллары болса, Аустралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, инвесторлар өз қаражатын мемлекет есебінен болжамды ресурстары бар, перспективалы учаскелер базасы қалыптасқан жұмыстардың ерте сатыларын жүргізген немесе жүргізу үстіндегі елдерде кен орындарын барлауға салады», – деді С. Брекешев.
Осыған байланысты, Президент тапсырмаларын орындау үшін геология саласының негізгі міндеттері бар.
«Бірінші – геологиялық зерделенуді арттыру және перспективалы учаскелерді анықтау. Екінші – геология саласының инфрақұрылымы мен геология ғылымын дамыту. Үшінші — өндірістік-технологиялық процестерді цифрландыру және автоматтандыру. Төртінші – геологиялық зерттеудің инвестициялық тартымдылығын арттыру, минералдық-шикізат базасын молайту үшін заңнаманы жетілдіру. Біз геология саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледік, онда жоғарыда аталған мәселелердің шешімі көрініс тапты», – деді С. Брекешев.